Алматы облысының әкімдігі Ресми сайт

Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды 10.04.2018 18:48

Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевты қарсы алған облыс әкімі Амандық Баталов ресми өкілмен бірге алдымен Талдықорғандағы Көрме кешеніне келді. Онда Төралқа Төрағасы сол ғимаратта орналасқан Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен және өңірдегі тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесімен танысты.

Бұдан әрі ресми делегация Салтанат сарайында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Жиынды ашқан Т. Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының нәтижелеріне тоқталып, алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Баталовқа ұсынды.

Өз кезегінде Амандық Баталов өңірдегі бизнес-климатты жақсарту бағытындағы шаралар туралы әңгімеледі. Мәселен, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатына 2017 жылы 9,3 млрд. теңге бағытталып, 1052 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. Жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысандарының саны 2016 жылы 109,9 мың болса, 2017 жылы оның саны 1,8 %-ке артқан.

Биылғы жылы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдауға 8,9 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы соның ішінде «Бизнестің жол картасы - 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары, сол сияқты «Даму» қоры арқылы бөлінуде. Облыста шағын бизнеспен қатар ірі кәсіпорындардың да дамуына жағдай жасалып, индустриалды аймақтар мен өнеркәсіп алаңдары дамытылуда. 9 Трансұлттық компаниялардың қатысуымен ірі жобалар қолға алына бастады. Бұдан өзге де Елбасының елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50 %-тен кем болмауы керек деген тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

Сол сияқты кеңейтілген отырыста Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өңірдегі бизнесті дамыту шаралары туралы айтып берді. Директордың айтуынша, өткен 2017 жылы кәсіпкерлерден құқықтарын қорғау жөнінде 311 өтініш келіп түссе, соның 214-і оң шешімін тапқан. Өткен жылдың өзінде ғана сот процестері мен мемлекеттік органдар алдында кәсіпкерлер құқығы 880 млн. теңгеден астам сомаға қорғалған. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 2016-2019 жылдары 41 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 2016-2017 жылдары соның 12-сі іске асырылған.

Жиында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сауалдар қойылды. Мәселен, кәсіпкерлер «Жүгері өсіруші шаруаларға субсидия мәселесі қарастырыла ма?», «Кооперация үшін жеңілдікпен несие алудағы қаржы жеткіліксіздігі және қағазбастылық қашан шешіледі?», «Алма бақтарын 1 гектардан өсірушілерге де мемлекеттік қолдау көрсетілсе», «Ауыл шаруашылығына жас мамандарды қалай тартамыз?» деген мазмұнда және басқа да өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.

Т. Құлыбаев жиын қорытындысында бизнесті дамытуға бағытталған ауқымды шаралар жайлы баяндады. Мәселен, бизнес ашуға және жүргізуге қажетті қағаздар алдағы уақытта цифрландырылады, яғни электронды нұсқаға көшіруге жұмыс жасалып жатыр. Соның ішінде әсіресе, салық және кедендік процестерде қиындықтар туындап жатады. Сондықтан цифрландыру түрлі кедергілерді болдырмауға септігін тигізбек. Сонымен қатар кәсіпкерлердің ой-пікірлерін ескере отырып, құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізу туралы ұсыныстар да әзірленуде. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың тексерулері туралы айтқанда ең бірінші тұтынушының яки қызмет алушының алдындағы кәсіп иесінің жауапкершілігін де ойлауы тиіс, яғни сақтандыру институтын дамыту жағын да ойластыру қажет деген ойын жеткізді. Төралқа Төрағасының пікірінше, жалпы Алматы облысында билік пен кәсіпкерлер арасында әріптестік қарым-қатынас, өзара толық түсіністікте жұмыс істеу қағидаты бұрыннан қалыптасқан. Бүгінгі жиын соның бір айғағындай болды.


Карты области
О регионе
ПОЧЕТНЫЕ ГРАЖДАНЕ КАЗ.jpg