Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +10 oC
Алматы облысының франциялық компаниялармен ынтымақтастығы мәселелері қаралды

Алматы облысының франциялық компаниялармен ынтымақтастығы мәселелері қаралды

Алматы облысының франциялық компаниялармен ынтымақтастығы мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филиппе Мартинэмен және Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтинскиймен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, туризм, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.   

Ресми делегацияны қарсы алған облыс әкімі Амандық Баталов:

-   Сіздерді Жетісу жерінде көргеніме қуаныштымын. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысы -  өте үлкен аймақ, негізгі бағыты агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің 17% бізде өндіріледі. Бүгінде өнеркәсіп өндірісі, соның ішінде өңдеу саласы да жақсы даму үстінде. Әсіресе, біздің өңірдің инвестициялық тартымдылығын ерекше атап өтер едім. Облыста «Лукойл», «Маревен Фуд» сияқты танымал компаниялардың зауыттары жұмыс істейді. Жасыл энергетика бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Жуырда қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасын іске қостық, жобалар мұнымен тоқталып қалмайды. Біз экономиканың барлық салаларына инвестиция тартуға мүдделіміз. Сонымен қатар бүгінгі кездесу біздің облыста «Ранжис» ірі көтерме-бөлшек сауда орталығын ашу туралы мәселенің алға жылжуына ықпал етеді деп ойлаймын, - деді А. Баталов.

Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филиппе Мартинэ жылы қабылдау мен инвестициялық форумға қатысуға шақырғаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Ауыл шаруашылығында, туризмде, цифрландыру мен ЖЭК-ті дамыту бағыттарында ынтымақтсатық байланысты кеңейтуге мүмкіндіктер бар екенін атап өткен Мартинэ мырза, «Idemia Identity & Security» және «AlmaTech LLP» компанияларының MESTA FUSION» жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын фотобейнетіркеу жүйесін енгізу мен іске қосу жобасын таныстырды. Бұл жоба жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

Сондай-ақ Мартинэ мырза шұжық өнімдерін және фуа-гра шығаруда бір жарым ғасырлық тәжірибесі бар «Lostе» компаниясын таныстырып, компанияның өңірмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.  

- Бұл - сіздерді хабардар еткіміз келген екі нақты жоба. Алдағы уақытта бұлар екі жақты нәтижелі серіктестікті дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын, - француздық елші. Сол сияқты ол өз сөзінде өңірдің туризм саласына әлеуетті инвесторлар тартуға да қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жобаны өңірге енгізу мәселесінің өзектілігіне тоқталып өтті:

-  Біз осы жобаны тереңірек меңгеріп, оны жүзеге асырушы компания өкілдерімен желтоқсан айына дейін кездессек дейміз. Ауыл шаруашылығына келсек, бізде қандай нақты жобалар бар және қай бағытта сіздермен ынтымақтастық жасағымыз келетіні туралы ойланайық. Жалпы бізге шағын қант зауыты, жүзім, жеміс-жидек өнімдерін, тері мен жүн өңдейтін зауыттар  қажет.  Сонымен бірге Бас консулмен туризм саласындағы қарым-қатынас мәселелерін егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз. Бізге осы салада толымды тәжірибе аса керек. «Ранжис» компаниясымен ынтымақтастықты дамыту мәселесі де шешімін табады деп сенемін. Атап өтсек, бізде мұндай бірлескен жобалар бұрыннан бар. Мысалы, Қарасай ауданында «Леруа Мерлен» сауда кешені жұмыс істеп тұр.  Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз. Ет өңдеу туралы жоба да бізді қызықтырады, оны зерделеп көруіміз керек, - деген А.Баталов кездесуге келіп, тиімді ұсыныстар білдірген елшілерге ризашылық білдірді.  

Атап өтсек, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филиппе Мартинэ ертең Талдықорғанда өтетін «JETISY INVEST-2019» кәсіпкерлік, инвестициялар мен инновациялар халықаралық форумына қатысады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 


Көріністер:  584

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 03.10.2019 18:58

Өзгертілген күні: 04.10.2019 10:01:42

Тізімге қайта оралу


Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх