Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған 0 oC
Қазақстандағы педагог мәртебесі мен жастар жылы: Б. Сағынтаев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті

Қазақстандағы педагог мәртебесі мен жастар жылы: Б. Сағынтаев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті

Қазақстандағы педагог мәртебесі мен жастар жылы:     Б. Сағынтаев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті

Бүгін Алматы облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдің білім беру саласының қызметкерлерімен және ата-аналар қауымымен 2019 жылға арналған Жолдауды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізіп, №28 мектеп-лицейді аралау барысында білім беру сапасымен танысты.
Кездесуде білім беру жүйесін дамытуға қатысты мәселелер, атап айтқанда, мектепке дейінгі және мектепте білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, сондай-ақ, үш ауысымдық білім беруді жою мақсатында жаңа мектептер салу мәселелері талқыланды. Кездесудің мақсаты — Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында білім беру жүйесінің мәселелері қалай шешіліп жатқанын өңір тұрғындарының ауызынан есту.

Премьер-Министр алдағы үш жылда Жолдауды іске асыруға 1,75 трлн теңге жұмсалатынын айтты. Ең алдымен, 01.01.2019 ж. бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 1,3 млн жалдамалы қызметкердің жалақысы 30%-ға өседі. Бұл 275 мың азаматтық қызметкерге қатысты, оның ішінде педагогикалық қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға артады.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар үшін Мемлекет басшысының білім және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталатын мемлекеттік шығыстарды алдағы бес жыл ішінде ЖІӨ-нің 10%-ына дейін арту шешімі өте маңызды.

2018 жылы білім беруге жұмсалған жалпы шығыстар ЖІӨ-нің 4,1%-ын (2,4 трлн теңге) құрады, оның ішінде 3,5% — мемлекеттік бюджет есебінен және 0,6% — жеке сектордан. Биыл білім беру және денсаулық сақтауға бағытталған шығыстар ЖІӨ-нің 7,38%-ын құрады (МБ – 5,4%, жеке сектор – 1,9%). Үш жылдық бюджет аясында білім беруге жұмсалатын шығыс 456,3 млрд теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд теңгеге дейін немесе 65%-ға артпақ.

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қосымша бөлінген 50 млрд теңге үш ауысымды мектептер мен орындардың жетіспеушілігін жою үшін бағытталуы тиіс екендігі айтылды. Осылайша, мектеп құрылысына жалпы алғанда 100 млрд теңге жуық қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, Премьер-Министр жаңа білім беру нысандарын салу үшін жеке инвестицияларды тартып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану қажеттігін атап өтті.

Бұдан өзге, балалар қауіпсіздігі үшін бақылау камераларын орнату, мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселелері қозғалды. Жолдау аясында енді педагогтардың мәртебесі түбегейлі қарастырылып, олардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктер артып, жүктемесі азаяды. Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, енді түлектерге деген сұраныс пен еңбекпен қамту көрсеткіштеріне негізделе отырып бақыланатын жоғары оқу орындары мен колледждердің жұмыс сапасын жақсарту мәселесі де қозғалды.

Талқылау кезінде білім беру саласының мамандары Жолдауда айтылған Президент бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

Еркін ауылындағы Е. Берліқожаұлы атындағы №11 мектептің физика пәнінің мұғалімі Қ. Жақсыбаев «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қатысушы ретінде жас мұғалімдерді қолдаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Біздің өңірде 418 мыңнан астам жастар бар, олардың 80%-ы – ауыл жастары. Ауыл жастары оқу бітірген соң тұрақты жұмыс таба алмайтын жағдайлар болады. Жастар жылы көптеген мәселелерді шешуге жаңа серпін береді деп үміттенемін. Біз үшін барлық жағдай жасалған, аға буын бізді қолдайды, біз тек алға ұмтылуға тиіспіз», — деді Қ. Жақсыбаев.

Қапшағай қаласының №5 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ю. Донская өз сөзінде мұғалімге жасалған қамқорлық — бұл өскелең ұрпаққа, елдің болашағына жасалған қамқорлық деп мәлімдеді.

«Білім беру, жас ұрпақты тәрбиелеу Мемлекет басшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Жолдау дәл 5 қазан күні, яғни Мұғалімдер күнімен тұспа-тұс келді. Біз оны сый ретінде қабыл алдық. Елбасы “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылдауды тапсырды, онда мұғалімдердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы, апта сайынғы жұмыс жүктемесінің төмендеуі, сондай-ақ мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы мәселесі көтерілетін болады», — дей келе, Ю. Донская Президенттің дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауы халқымыздың рухын және күш-жігерін біріктіретін маңызды құжат деген ойын жеткізді.  

Өз кезегінде, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көтерілген сұрақтарға түсініктеме бере келе, бүгінгі күні «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын айтты. Қоғам тарапынан әртүрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Барлық ұсыныстар жинақталған, енді жоба екі ай бойы талқылаудан өтеді. Содан кейін жоба ҚР БҒМ сайтына шығарылады. Қоғамдық талдау жүргізіледі. Министрдің айтуынша, жылдың соңына дейін заң жобасы дайын болады.

Сонымен қатар, кездесуде ата-аналар мен студенттер қауымының өкілдері сөз сөйледі. Облыстық ата-аналар комитетінің мүшесі Д. Әбділдина балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп психологтарының жұмысын күшейту және Қамқоршылық кеңестің рөлін арттыру туралы ұсыныстарын айтты. Талдықорған қаласындағы №12 орта гимназия мектебінің орыс тілі мұғалімі Е. Филимонова мұғалімнің мәртебесі және мұғалімдердің кәсіби дамуы туралы өз пікірін білдірді.

Агротехникалық колледждің 3 курс студенті Н. Бабажан білім беру сапасы, студенттік жатақханалардың жай-күйі мен Жастар жылына арналған студенттердің ұсыныстарын жеткізді.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы жастар үшін ерекше маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет жастар жылы жарияланып отыр. Жетісу жастары 2019 жылдың жас ұрпаққа арналатынын мақтанышпен әрі қуанышпен қабылдады. Биыл мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы біздің өңірге ерекше серпін береді деп үміттенеміз», — деді Нұрай Бабажан.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қ. Баймырзаев маман даярлау сапасын арттыру және отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелеріне тоқталды.

Айта кету керек, Премьер-Министр жұмыс сапары аясында №28 мектеп-лицейдің АТ-мектебіне де барды, онда өңірде білім беру сапасымен танысты. Жаңа нысан оқу жылының басында пайдалануға берілген, ол 1200 орынға арналған.  

Б. Сағынтаев мектептің техникалық жарақтандырылуын тексеріп, бағдарламалау, 3D-дизайн, жобалық қызмет дағдыларына оқытатын мультимедиялық кабинет жұмысымен танысты. Кабинеттер заманауи технологиялармен жарақтандырылған, оқушылардың білім алуына және дамуына барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Айта кету керек, цифрлық экономикаға жас мамандарды даярлау мақсатында облыста 21 роботты техника кабинеті, 11 АТ-сыныбы және екі АТ-орталығы ашылған. Алматы экономикалық, Талдықорған политехникалық және Талдықорған агро-техникалық колледждерінің базасында АТ-біліктіліктер бойынша үш орталық құрылған.

Облыста барлығы 2018 жылы республикалық бюжет есебінен төрт мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, 30 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда 22 білім беру нысаны салынып жатыр. Жыл соңына дейін екі мектептің, бір балабақша мен бір музыка мектебінің құрылысы аяқталады.

primeminister.kz


Көріністер:  1070

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 26.10.2018 20:30

Өзгертілген күні: 31.10.2018 13:03:31

Тізімге қайта оралу



Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424



Алматы облысының инвестициялық порталы

Наверх