Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +22 oC
Басты міндет – бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайту

Басты міндет – бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайту

Басты міндет – бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайту

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру мен дамудың негізі - әлеуметтік бірлік» тақырыбындағы ХХV сессиясы облыстық ҚХА төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен бүгін Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Татарлардың бүкіләлемдік конгресінің өкілдері, еліміздің әр қиырындағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, облыстық ҚХА құрамындағы түрлі этностық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Облыстық ҚХА сессиясын ашқан Амандық Баталов өңірде тапсырмаларды орындау мақсатында көп балалы және аз қамтылған отбасылардын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

- Республикалық бюджеттен бөлінген ауқымды қаржыға қоса жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге қарастырылды, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың Әлеуметтік картасы дайындалып, жұмыс істейді. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлері қатарындағы меценаттар облыстағы 60 көп балалы отбасыға баспана сатып әперді. 2 млрд. теңгеден астам сома атаулы әлеуметтік көмек өңірдің 20 мың отбасына төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - деді А. Баталов. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен этникааралық келісімді, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы этномәдени бірлестіктердің қосқан үлестерін атап өтті.

Сессияның күн тәртібімен таныстырған облыс әкімі облыстық ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға сөз берді. Ғ. Тұрсынбай облыстық ҚХА атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, облыстық ҚХА белсенділерінің қатары 60 мың адамға жуық, 71 этномәдени бірлестікті, 422 Қоғамдық келісім кеңесін, 266 Аналар кеңесін және басқа да маңызды құрылымдардың басын біріктіріп отыр. Барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестері тек өткен жылдың өзінде жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешу үшін 1800-ден астам шара өткізген. Оған қоса өңірде 68 медиация орталығы белсенді жұмыс істейді.

Ғ. Тұрсынбай хабарлағандай, ҚХА-ның 2019 жылға арнап дайындаған қайырымдылық күнтізбесіне сәйкес биылғы жылдың тек 4 айдың ішінде ғана «Қайырымдылық керуені» акциясының 1093 шарасына 20 мыңнан астам қатысып, 130 млн. теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілді. Сонымен бірге «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы облыстық Ассамблея жұмысының негізгі бағытының бірі. ҚХА жастар қанатының «Жаңғыру жолы» Жол картасы жүзеге асырылуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен XXVII сессиясына қатысқаны туралы, сол сессияда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов баяндады. Ол барлық қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруінің маңыздылығы, этникааралық және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында өңірде атқарылған шаралар туралы айтты.

Өз кезегінде жарыссөзге қатысушылар бейбітшілікті сақтау, бірлік пен келісімді нығайту маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының делегаты, журналист, көп балалы ана Әлия Әпсеметова Аналар кеңесінің атынан сөйлеп, сессияға қатысқандағы әсерімен бөлісті, Елбасының көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларына алғыс айтты. Ол өз сөзінде отбасындағы бала тәрбиесінің рөліне тоқталып, «Балалар үйінсіз Жетісу» жобасына қолдау пікірін білдірді.

Облыстық ҚХА мүшесі Дамир Дигай І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті базасында ашылған стартап-академия инновациялық жобасы мен оның жетістіктері туралы айтып берді. Сол сияқты биотехнология мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының жұмысы, сондай-ақ университеттегі ғылыми жетістіктердің тәжірибеге енгізілуі туралы баяндады.

Жастарды туған жерге деген патриоттық бғытта тәрбиелеудің маңыздылығы жайында Үшарал шекаралық отрядының кавалериялық бөлімінің командирі Исмагиль Атчабаров айтты.

Сонымен бірге достық, бірлік пен келісімді нығайтудағы журналистік қызметіндегі тәжірибесімен және естеліктерімен «Qazaqstan» телеарнасының меншікті тілшісі Қуаныш Серікқанов бөлісті.

Облыстағы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы орыс этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова айтып берді.

Жарыссөз аяқталған соң Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сһз алды. Ол өз сөзінде облыстық ҚХА белсенділерінің жемісті жұмыстарын атап өтті:

- Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында Алматы облысында барлық көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілді. Бұл облыстық ҚХА жұмысына қолайлы жағдай туғызып отыр. Өңірдегі Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестерінің оң тәжірибелері бүкіл республика бойынша таратылды. Облыстық ҚХА мүшелерінің «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысқанын да атап өткім келеді, - деді ол.

Ж. Түймебаев сөзін жағастыра келе ҚХА жұмысының бұдан былайғы бағыттарына тоқалып өтті. Ассамблеяның басым бағыты және басты міндеті Елбасы саясатын жағастыра отырып, ұлттық бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін айтты. Сөзінің соңында ҚХА Төрағасының орынбасары Татарстан Республикасынан арнайы келген делегаттарға «қош келдіңіздер» деп, сессияға қатысушыларға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан әрі сессия жұмысында облыстық ҚХА төрағасының екі жаңа қоғамдық орынбасарларының кандидатуралары талқыланып, ұсынылды. Бірауыздан бұл лауазымдарға облыстық ҚХА мүшесі, «Универсал» ЖШС бас директоры Закиржан Кузиев пен «Туған тель» облыстық татар этномәдени орталығының төрағасы, «Шымыр» ЖШС бас директоры Руслан Валишанов бекітілді. Облыс әкімі бүгінге дейін осы міндетті абыроймен атқарған Атсалим Идигов пен Сакида Чатуеваға алғысын білдірді. А. Баталов осы мерзімге дейін ауқымды жұмыстар атқарылғанын да тілге тиек етті.

Сесиия жұмысын қортындылаған Амандық Баталов облыстық Ассамблея хатшылығының, Достық үйінің, облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту, білім, ауыл шаруашылығы, жастар саясаты мәселелері, дін істер жөніндегі басқармалардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Облыстық ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту, «Мәміле – ситуативті қазақ тілі» жобасы бойынша түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету курстарын ұйымдастыру, сол сияқты жастардың барлық санатын қолдау мен әлеуметтік лифтінің кең платформасын құру бағытындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысының Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыру тапсырылды.

Облыстық ҚХА-ның белсенді мүшелері марапатталып, оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.

Марапатталғандар арасында Қазақ мәдениеті мен дәстүрі орталығының төрағасы, № 1 Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Самғат Долаев, Текелі қалалық татар-башқұрт этномәдени орталығының төрайымы Томирис Жылқыбаева, Талдықорған қалалық «Эллада» грек этномәдени орталығының төрайымы Галина Рутахиди, «Ачимноуль» корей халықтық би ансамблінің төрайымы Галина Нам, Панфилов аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Үрият Семятова және басқаралары бар.

Облыстық ҚХА белсендісі, Іле ауданының педагогы Валентина Талиюске есімі жазылған қол сағат берілсе, ҚХА-ның «Мейірім» төс белгісі облыс әкімі Амандық Баталовқа ұсынылды.

Облыстық ҚХА сессиясының жұмысы марапаттау шарасымен аяқталды.

Атап өтсек, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының холында аудандар мен қалалардың Ассамблея желісі бойынша дайындалған көрмесі ұсынылды.


Көріністер:  1225

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 17.05.2019 18:25

Өзгертілген күні: 18.05.2019 11:36:07

Тізімге қайта оралу


Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх