Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған -7 oC

Жолдау міндеттерінің орындалуы – басты назарда

Жолдау міндеттерінің орындалуы – басты назарда

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге өңірдегі бірқатар мәдени және өнеркәсіп нысандарын аралады. Сапар барысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған басымдықтарды жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Бірінші Қарасай ауданында өткен жылы ашылған мемориалды кешен мен тарихи-мәдени орталыққа арнайы тоқтады. «Батыр бабалар» мемориалды кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Бір гектардан астам жерді алып жатқан кешен өзінің бірегей архитектуралық бейнесімен бірден көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Нақты айтқанда, нысан батырдың дулығасы бейнесінде салынған. Кешенде қойылған экспозиция барлық дәуірді - сақ дәуірінен бастап тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына дейінгі кезеңдерді түгел қамтыған. Мұнда аты аңызға айналған сақ ханшайымы Тұмардың, ғұн патшасы Еділдің, Түрік қағанаты, Қазақ хандығы билеушілерінің, билер мен батырлардың, Алашорда көсемдерінің портреттік галереясы, олардың мол мұралары жайлы жалпы алғанда 41 экспонат пен фотоматериалдар қойылған.

Өңірдегі жаңадан ашылған маңызды нысандардың тағы бірі – Елбасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы. Елбасының туған ауылы Шамалғанда орналасқан бұл орталық Мемлекет басшысының өмір жолын кеңінен насихаттау мақсатында ашылған. Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбекке алғаш араласқан сәтінен бастап саясаттағы ірі жеңістері мен жетістіктерін қамтитын құнды дүниелер арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, жастарымызды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу көзделген.

Аталған бірегей кешендердегі жәдігерлермен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бұл нысандардың ашылуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған басымдықтардың нәтижесі екенін тілге тиек етті.

«Батыр бабалар» мемориалы мен «Атамекен» орталығында қазірдің өзінде бірнеше айға жоспарланған экскурсиялық кесте жасалып қойылған. М. Құл-Мұхаммед осы күні кешенді тамашалауға келген Қырғауылды ауылындағы Ушинский атындағы мектептің оқушыларымен тілдесіп, оларға осы тарихи орыннан көрген құнды жəдігерлер мен өнегелі мәліметтерді көңілдеріне түюді, бұл болашақ өмірлеріне зор тағылым болатынын айтты.

Алматы облысы аграрлы аймақ болғандықтан Елбасының биылғы Жолдауының  аграрлық саясатқа, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өнделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталған үшінші міндетіне осы сапарында М. Құл-Мұхаммед ерекше мән берді. Соған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары кондитерлік өнімдер шығаратын «Алматы өнімдері» ЖШС кәсіпорнына арнайы барды. 200 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл нысанда кондитерлік өнімдердің 150-ден астам түрі өндіріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға лайықталған. Ең басты ерекшелігі - қажетті шикізаттардың жүз пайызға жуығы отандық өнімдер. Мәселен, ұн Ақмола облысынан жеткізіледі.

Осы кәсіпорында шығарылған печенье, вафли, карамель, халва сынды тәттілерді өзімізбен қатар Орталық Азия елдерінің, Ресейдің және Германия мен Беларусьтің тұрғындары да тұтынады. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолдауға ие болуы кәсіпорынның тынысын кеңейте түсуіне мүмкіндік берген.

Кәсіпорынға арнайы атбасын бұрған Мұхтар Құл-Мұхаммед өндіріс орнының технологиялық үдерісімен және жаңадан іске қосылатын желінің жұмысымен танысты.

Мұнан соң «Алматы-Шыны» ЖШС зауытына барып, банкі, құты сияқты шыны ыдыстарын өндіру процесін көзімен көрді. Зауыт директоры Азим Абдуллаевтың айтуынша, мұндағы қондырғылардың Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Кәсіпорында бес бірдей технологиялық машина желісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде шыны ыдыстардың кез келген түрін дайындауға мүмкіндік бар. Мұнда жылына 1550 С* градус ыстықта құйылатын 120 миллионға дейін шыны құтылар мен банкілер шығарылады. Өнеркәсіп орны жылына 18 млрд. теңгенің өнімін өндіріп отыр. Шикізат Қызылорда облысынан, Текелі қаласынан және шет елдерден әкелінсе, дайын өнімді тұтынушылар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Тәжікстан сияқты таяу көрші мемлекеттерге де жөнелтіліп отыр. Кәсіпорын өз жұмысшыларына барлық қолайлы жағдайларды жасап қойған. Қызметтік тұрғын үймен қамтып, зауыт маңында тұрмысқа қажетті дәріхана, асхана, сауда үйі сияқты әлеуметтік нысандардың жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр.

Серіктестіктің еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыз өзінің жаңа Жолдауында айтқан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі өндіріс орындарынан соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен енгізуді талап ететініне назар аударды. Бұл орайда «Алматы-Шыны» сияқты заманауи кәсіпорындар да Елбасы айтқан жаңғыру мен цифрландыруды жүзеге асыруда аса белсенді болуы тиіс.

Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық міндеттің жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Алматы облысының әрбір тұрғынына түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

- Мемлекет басшысы өзінің кешегі Жолдауында он басым бағытты атап өтіп, алдымызға зор міндеттер жүктеді. Соның ішінде аграрлық секторға, индустрияға цифрлы жаңа технологияны енгізу, сол арқылы кәсіпкерлердің тиімді еңбек өнімділігіне қол жеткізуіне, өнделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндіктер жасау талабы тұр. Бұл орайда Алматы облысында жарқын мысал, жақсы бастамалар бар екенін көрдік. Бүгінгі күні тұтынушы ең алдымен өнімнің экологиялық тазалығы мен сапасына назар аударады. Бүгін біз барған зауыттар сондай талаптарға толығымен жауап береді. Еліміздің идустриялық дамуында, әсіресе, өңдеуші кәсіпорындардың маңызы зор. Елбасы айтқан экспортқа бағытталған өнеркәсіптерді дамыту, олардың нәтижелі жұмысына жағдай жасау Алматы облысында жақсы жолға қойылған. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беру керек, - деді М. Құл-Мұхаммед қорытынды сөзінде.


Көріністер:  759

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 10.01.2018 16:26

Өзгертілген күні: 11.01.2018 16:28:28

Тізімге қайта оралу



Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424



Алматы облысының инвестициялық порталы

Наверх