Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +31 oC

Облыс әкімі Нарынқол өңіріне барды

Облыс әкімі Нарынқол өңіріне барды

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Елбасы Жарлығымен Райымбек ауданын екіге бөлу жолымен құрылған Кеген және Райымбек аудандарының орталықтары Кеген мен Нарынқол ауылдарында болды. Қос ауданның ауыл шаруашылығы және әлеуметтік, әкімшілік нысандарын аралап көрді.

Сапар барысында облыс басшысы ең алдымен Кеген ауылындағы «Тарихқа тағзым» тарихи ескерткішіне келіп, ардагерлермен жүздесті, Елбасы Н. Назарбаевтың саяси шешімінен туындаған үлкен қуаныштарымен құттықтап, Жарлықтың сиясы кеппей тұрып жұмысты неден бастау керектігін пысықтау үшін осы өңірге келгенін жеткізді. Және облысты, соның ішінде Кеген, Нарынқол өңірін дамытудағы жоспарларын қысқаша баяндап өтті. Ардагерлер өз кезегінде оң шешім қабылдаған Мемлекет басшысына шынайы ризашылықтарын жеткізіп, облыс әкімінің облысты дамытудағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Мұнан соң А. Баталов сапарын Текес ауылдық округіндегі «Өркен» тұқым шаруа қожалығының базасында жалғастырды. Мұнда облыс әкіміне 2018-2021 жылға дейінгі картоп өсіру жоспары баяндалып, болашақта отандық тұқыммен қатар голландиялық «Санте» тұқымы да пайдаланылатыны айтылды. Шаруашылық басшысы Талғат Нүсіпжановтың айтуынша, картоптың сапалы тұқымымен тек өзін ғана емес, өзге де шаруашылықтарды қамтамасыз етпек. Қожалықта 30 адам тұрақты жұмыс істесе, маусым кезінде 100 адамға дейін жұмыс жасайды. Алдағы уақытта «Қапшағай көкөніс компаниясы» ЖШС 6 мың тоннаға арналған картоп сақтау қоймасын салмақшы. Бүгінгі күні шаруашылықтың картоп өсіруіне қажетті техникалар - «Беларусь», «Fiatagri» тракторлары мен «Grimme» комбайны бар. Дегенмен техникалық база әлі де нығайтуды қажет етеді. Бұл орайда облыс әкімі осы өңірде картоп өндірісін өркендетуге барлық жағдай жасалып, замануи озық техника алуға қолдау көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта сервистік-дайындау орталықтары құрылып, картоп өндірісіне қызмет ететінін де жеткізді.  

Мұнан соң Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровпен бірге Нарынқол ауылындағы Райымбек аудандық мекемелер орналасатын нысандардың ғимараттарын аралап көрді. Олардың қатарындағы «Қазпошта» бөлімшесі, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Азаматтарға арналған үкімет», аудандық прокуратура, өрт сөндіру бөлімі, аудандық әкімдік ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал емхана ретінде 1993 жылы салына бастаған төрт қабатты ғимараттың құрылысы тоқырау жылдарында аяқсыз қалған еді, енді биылдан бастап құрылыс жұмыстары жалғастырылып, қазіргі емхана мекемесі осы жаңа ғимаратқа көшірілетін болады. Сол сияқты ауыл ішінен 20 жалға берілетін үй, 33 коммуналдық үй салынатын орындар белгіленіп, инженерлік желілерді жүргізуге даярлық басталған. Бұл үйлер ауданға келетін жас мамандарға ұсынылады. Мәселен жалға берілетін 20 үй 70-90 шаршы метрлік, типтік, заманауи үлгіде салынбақ. Оның құрылысына 251 млн. теңге бөлініп, инфрақұрылымына 218 млн. теңге қарастырылған. Сол сияқты облыс басшысы құны 1,2 млрд. теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатын аумақты да көріп, жобасымен танысты. Жоғарыда аталған барлық  ғимараттар жобаларының бірқатарына түзету енгізу қажеттігін және кейбірін заманауи үлгіде қайта жасау керектігін айтты. Ең басты жаңадан салынатын және күрделі жөндеуден өткізілетін ғимараттардың барлығының стильдік, ал шатырларының түстік ерекшеліктері сәйкес болуын қатаң тапсырды.  

- Нарынқолдағы мекемелер отыратын ғимараттарды, халыққа қызмет көрсететін орындарды ретке келтіріп, қажет болса, жаңадан салып, ауылды көркейтуіміз керек. Аудан орталығы болған соң мұнда жас мамандар келеді, білікті мамандар қайтып оралады, сондықтан жастардың жұмыстан тыс уақытта барып, шұғылданатын орындарын салуды да ұмытпай жоспарлар жатырмыз.  Өткен жылдың өзінде 9 көшені жөндедік. Биылғы жылы да ауылды абаттандыру жалғастырылып, көгалдандырылады, ғимараттар жөнделіп, көшелер реттеліп, жарықтандырылып, аз уақытта алдыңғы қаралдағы аудан орталығы болуы тиіс. Ғимараттардың жобаларына үздік сәулетшілерді, мықты мамандарды тартып, ішкі-сыртқы келбетін көрнекті етіп жасауымыз керек. Бұл үшін аудан басшылығы тынымсыз жұмыс істеуі керек, - деді А. Баталов.  


Көріністер:  268

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 07.04.2018 22:54

Өзгертілген күні: 09.04.2018 17:52:12

Тізімге қайта оралу



Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424
Наверх