Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +22 oC
Облыс әкімінің қабылдауында аз қамтылған және көп балалы отбасылары мәселелерінің шешілу жолдары қаралды

Облыс әкімінің қабылдауында аз қамтылған және көп балалы отбасылары мәселелерінің шешілу жолдары қаралды

Облыс әкімінің қабылдауында аз қамтылған және көп балалы отбасылары мәселелерінің шешілу жолдары қаралды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов 30-дан астам азаматты, соның ішінде аз қамтылған және көп балалы аналарды, қабылдады. Олардың үшеуі облыс әкімі А.Баталовтың қабылдауына есепті кездесуде жазылған болатын.

Солардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Жарылқасын Тұрысбекова өз отбасы мен қалалық полиция қызметкерлері арасында болған түсінбестік және соған байланысты мұғалім баласының жұмыс орнында проблемалар туындағанын жеткізді. Өз кезегінде Амандық Баталов облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Жанболат Зиадинге жағдайды анықтап, шешімін хабарлауды тапсырды. Сол сияқты облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларына мұғалімнің мүмкіндігінше жұмыс орнын сақтауды қарастырып, оған барынша моральдық-психологиялық және медициналық көмек көрсету керектігін айтты.

Екінші болып облыс әкімінің қабылдауына кірген Көксу ауданының тұрғыны, көп балалы ана Айгерім Есенғұлова шағын үйде қазір екі отбасы, яғни 12 адам тұрып жатыр тұрып жатқанын айтты. Тұрғын үй кезегінде 65-ші болып тұр. Облыс әкімі мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлер заңға сәйкес кезек ретімен берілетінін еске салды. Ал кезек ретінің жылжуын қузау үшін тұрғын үйлерді көптеп салу қарастырылмақ. Мәселен, биылғы жылы көп балалы отбасыларға арнап екі көп қабатты тұрғын үй, жалпы саны 120 пәтер салу жоспарланып отыр. Сол сияқты көп балалы отбасыларына арналған үйлерді әрбір аудан орталықтарында да салу қолға алынады. Осындай шаралар жайлы айта келе, облыс басшысы Көксу ауданының әкімі А. Әділге А. Есенғұлованың тұрғын үй мәселесін шешуге «Кең Дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев сияқты жергілікті ірі кәсіпкерлерді тартуды тапсырды.

Райхан Қаптағаева Мерекелік саяжайындағы үйінің құжаттарын біраз уақыттан жасата алмай жүргенін сөз етті. Сол сияқты үлкен баласының көзіне операция жасатуға көмектесуді және мектептегі балаларын тегін ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтудағы қағазбастылықты азайтуды сұрады. Амандық Баталовтың тапсыруымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы сырқатты толық тексеруден өткізіп, қажет жағдайда операциясына қолдау көрсететін болады.

Бұдан өзге облыс әкімінің қабылдауына аз қамтылған және көп балалы отбасыларының мүшелерінен жалпы саны 30-дан астам адам кірді. Олар бірнеше әлеуметтік мәселелерді көтерді. Солардың ішінде бірқатарының мәселесі сол мезетте шешімін тапты. Мәселен, 8 баланың анасы Айнагүл Тоқпанбетова І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-да 2 курста ақылы бөлімде оқитын баласын тегін оқытуға ауыстыруға бола ма деген сауалын қойды. «Есепті кездесуімде айтқан едім, республикада алғашқылардың бірі болып көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта дайындап жатырмыз. Соның шеңберінде осындай отбасыларының балаларына арнап жоғарғы оқу орындарында тегін оқумен қамту үшін қосымша 100 грант бөліп отырмыз. Сіздің балаңыз сол 100 грант иелерінің тізіміне кірген алғашқылардың бірі болады», - деді А. Баталов.

Көп балалы ана Әлия Тазабекова бір баласының жүрек ақауымен дүниеге келгенін айтты. Баланы әр жарты жыл сайын Алматыға апарып, ақылы түрде толық тексеруден өткізіп тұрады. Бұл олардың материалдық жағдайына елеулі әсер етіп отыр. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б. Ысқаққа балаға сапалы медициналық көмек көрсету тапсырылды.

Атап өтсек, аналардың көтерген мәселелердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына байланысты болды. Соның ішінде емдеуге квота алу, кепілдік берілген тегін дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету, мүгедек балаларды оңалту орталықтарына жіберу, ВТЭК-тен өтудегі туындайтын қиындықтар мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жергілікті жерлердегі бөлімдерінің жұмысына бірқатар сын айтылды. Сала қызметкерлері халыққа қызмет көрсету барысында дөрекілік көрсететіні, мүгедектерге берілетін қажетті техникалық қозғалыс құралдарын және гигиеналық құралдардың кешігіп берілетіні сөз болды.

Амандық Баталов облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшыларына айтылған әрбір мәселені жеке зерделеп, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды.

Осы кездесуде Шайқорған, Мерекелік, Үйтас саяжайларының тұрғындары да өз мәселелерін жеткізді. Жол жөндеу, жылы аялдамалар, камералар қою, арық жүйесін жасау, сол сияқты Шайқорған бау-бақша қоғамының құжаттарын жасауға, Үйтас саяжайының суармалы су жүретін жүйесін жөндеуге көмек сұрады.  

Облыс әкімі жуырда саяжайлар мен шеткі тұрғын аудандарды аралап, бұрынғы берілген тапсырмаларының орындалу барысын көргенін айтты. Сол аралау кезінде абаттандыру, инфрақұрылымдарды дамыту бойынша берген тапсырмалары хаттамаға түсірілген, қабылданатын шаралардан халық хабардар болу үшін хаттама облыстық БАҚ-та жарияланатын болады. Шеткі аймақтардың мәселелері тұрақты бақылауға алынып, бірқатары биыл шешімін таппақ.

Кездесу барысында бірнеше мәрте көтерілген тұрғын үй мәселесіне қатысты да облыс әкімі толық түсіндіріп берді.

- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй тек кезектегілерге және қатаң түрде кезек ретімен берілетінін тағы да естеріңізге саламын. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын баспанамен қамту көлемін ұлғайту үшін салынатын тұрғын үйлер құрылысын көбейтеміз. Бұл ретте бізге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер береді. Біз көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірлеп жатырмыз. Аталған санаттағы отбасыларын қолдау үшін үш млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Әлеуметтік карта шеңберінде облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасы әзірленіп жатыр, сол сияқты коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылады. Осы санаттан «7-20-25» бағдарламасына қатысатындарға 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаты беріледі, бөлінетін соманың жалпы көлемі 300 млн. теңге болады, - деді А. Баталов.

Сол сияқты табиғи газға жеңілдікпен қосу, 16 мың жеке тұрғын үйге улы газ датчиктерін қайтарымсыз орнату қарастырылатынын айтты. Жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарына оқуға қосымша 100 грант бөлінбек. Аз қамтылған отбасыларының балалары мектепте ыстық тамақпен 100% қамтылады. Көп балалы аналар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі шешілген. Оған қоса халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын отбасыларынан шыққан 31 мың баланың балабақшаларда тамағын субсидиялау  ойластырылды, оған бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінеді. Сол сияқты аудан орталықтары мен қалаларда «Бір терезе» принципімен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына қызмет көрсететін орталықтар ашылады. 

Сондай-ақ облыс әкімі А. Баталов бүгінгі азаматтарды қабылдау барысында айтылған мәселелерден Әлеуметтік картаға толықтырулар енгізуді қажет деп тапқанын айтты:

- Сіздердің көтерген мәселелеріңізді тыңдай келе, Әлеуметтік картаға тағы да екі тармақ қосамыз деп ойлап отырмын. Көрсетілетін барлық ақылы медициналық қызметтердің, соның ішінде жеке клиникалардағы да қызметтер көп балалы аналар мен олардың балаларына мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін көрсетілу шараларын қарастыруға тиіспіз. Сол сияқты оларды дәрі-дәрмекпен қамту жайын да ойластырумыз керек.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғын үй мәселелерімен жыл басында алғаш болып жүгінген бір топ ананы қабылдап, мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілу барысын түсіндіріп, орынбасары А. Абдуалиев пен қала әкімі Д. Шалтабаевқа істі жіті бақылауға алу туралы нақты тапсырмалар берді.


Көріністер:  1423

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 22.02.2019 18:29

Өзгертілген күні: 22.02.2019 18:36:38

Тізімге қайта оралу


Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх