Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +18 oC

Облыста ҰБТ-ға 9872 түлек қатысады

Облыста ҰБТ-ға 9872 түлек қатысады

Алматы облысында Бірыңғай ұлтты тестілеуді 9872 мектеп бітіруші тапсырады. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен селекторлық режимде өткен жиын барысында белгілі болды. Жиында ҰБТ-ға дайындық және оны өткізу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін облыс көлемінде енгізуге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мәселелері қаралды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Л. Базарқұлова өңірде ҰБТ ертең, яғни 20 маусымда басталып, 25 маусымға дейін жалғасатынын айтты.

Л. Базарқұлованың хабарлауынша, облыстағы 14268 түлектің 9872-сі ҰБТ-ға кіреді. Ертең тестілеу өңірдің 6 ауданында – Ақсу, Қарасай, Жамбыл, Іле, Балқаш, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласында басталады. Тестілеу пункттерінде 142 аудитория дайындалып, 19-ы резервке әзірленген. Түлектерді тасымалдау, жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі кезде облыстың барлық аудандары мен қалалары тестілеуге толығымен дайын.

Екінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев баяндама жасады. Облыста МӘМС-ні енгізуге бағытталған ақпараттық насихат жұмыстарына тоқтала келе, өңірде аталмыш сақтандыру ісіне 664 медициналық ұйым тартылғанын, оның 659-ы мемлекеттік, 5-еуі жекеменшік екенін атап өтті. Дәрігерлер мен медицина мамандарын оқытумен қамту 100% құрап отыр. Қазіргі кезде «Емханаға тіркел де, өз мәртебеңді анықта» атты акция аясында тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға бекітілу деңгейі 82%-ке жеткен. Ал 30 маусымға дейін қамту деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланған. Бұл орайда мәртебесін анықтау деңгейі – 99,9 %.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ҰБТ аса маңызды белестің бірі болғандықтан оны сапалы, дұрыс өткізуге бар күш-жігерді жұмсау қажеттігін атап өтті.

- Бүгінгі күні білім алу, білімді болу – ең басты шарттардың бірі. Түлектеріміздің жоғарғы оқу орындарына түсіп, сапалы білім алғаны, мықты маман болып, қоғамның дамуына үлес қосқаны – біз үшін аса маңызды мәселе. Бұл ретте ҰБТ – болашаққа нық қадам жасаудың бір кезеңі. Сондықтан бұл мәселені бақылауда ұстап, тестілеуге кірген балаларға да, ата-аналарға да қолайлы жағдай жасауға назар аударуымыз керек, - деді Ж.Омар.

- МӘМС бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарының нәтижелері жаман емес. Бұл бағыттағы жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, маусым айының соңына дейін халықтың емханаларға бекітілу деңгейін 100 %-ға жеткізуіміз керек. Сондықтан штабтардың жұмысын және ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізіңіздер, - деді облыс әкімінің орынбасары.

   


Көріністер:  332

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 19.06.2017 20:15

Өзгертілген күні: 19.06.2017 20:17:10

Тізімге қайта оралу


Есік қаласындағы мектеп туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Наверх