Алматы облысының әкімдігі Ресми сайт

Райымбек, Кеген аудандары әкімдеріне - жаңа міндеттер

Райымбек, Кеген аудандары әкімдеріне - жаңа міндеттер 07.04.2018 23:10

Райымбек ауданының екіге бөлінуіне орай Кеген және Нарынқол өңіріне жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Амандық Баталов Кеген мен Райымбек аудандарының активтерімен кездесіп, жаңа әкімдерді таныстырды.

Алдымен Нарынқол ауылында Райымбек аудандық мәслихатының сессиясына қатысып, аудан әкімінің лауазымына Жолан Омаровты ұсынды. Облыс басшысының бұл ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Кездесуді аудан активімен жалғастырған облыс әкімі А. Баталов көпшілікке алдымен Елбасының Райымбек ауданын бөлу арқылы жаңа аудан құру туралы Жарлығын оқып берді. Жарлық мәтініне тік тұрып қол соққан жұртшылықтың қуанышында шек болмады. Желдің өтінде, елдің шетінде тұрған Нарынқол ауылы ендігі жерде Райымбек ауданының орталығы болмақ. Облыс басшысы аз уақытта аудандық мекемелер, халыққа қызмет көрсету орындары отыратын ғимараттар анықталып, жөнделіп, ретке келтірілетінін, штаттар беріліп, жас мамандар тартылатынын, ауыз су жүйесі мен газ құбырын тарту да жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар аудан әкімінің алдына бірқаттар міндеттер қойды.

- Мемлекет басшысының салиқалы шешімі бәрімізді де үлкен қуанышқа кенелтті. Жиырма бір жылдан кейін шекаралық аймақта орналасқан Нарынқол ауылы аудан орталығы болып қайта түлейтін болды. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауларды көрсетеміз. Осы өңірден шыққан бизнесмендер де бұл іске атсалысса құба-құп. Қазірдің өзінде осы ауданға мал бордақылау алаңдарын салсам, сүт тауарлы ферма ашсам, мектеп салуға жәрдемдессем деп ниеттеніп жатқан кәсіпкерлер бар. «Бүркіт» отын-энергетика компаниясының директоры Л. Ботабекова  Нарынқолға кіреберіс арканы салып беруге пейіл танытып отыр. Осындай елжанды азаматтарды көптеп тарту қажет. Ирригациялық жүйелерді де ретке келтіріп, картоп өндірісін дамытамыз, оған қажетті 2 сервистік-дайындау орталықтарын құрып, тұқым сепкіш, трактор, картоп жинайтын комбайн сияқты қажетті техниканың барлығын алып береміз. Фри картобын дайындайтын голландиялық «Farm Frites» компаниясы инвестиция салып, облыста жұмыс істейтін болады. Оған қоса Алматы қаласының картопқа деген сұранысы жылына 130-140 мың тонна, біздің облыстың тұтыну мөлшері де  150 мың тонна шамасында. Сондықтан картоптың нарықтағы сұранысына сай жұмыс істеу, осындай ауқымды істердің бәріне ұйытқы болып, ұйымдастыруда аудан басшылығына зор міндет жүктеледі, - деді А. Баталов.

Осы жиынға облыстық барлық аудан, қала әкімдерін арнайы шақырғанын, Нарынқол өңірін көркейтуге әрқайсысы өз үлестерін қосатынын айтты. Осы жиында белгілі болғанындай, Алакөл ауданы мұнда спорт алаңы мен сквер, Талдықорған қаласы кроссфит салып бермек, Қаратал ауданы 1 жарым шақырымға заманауи жарықтандыру бағаналарын орнатпақшы. Осылайша, барлық аудан, қалалар Райымбек ауданының жаңа орталығын абаттандыруға атсалысатын болады.

Актив жиынында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, еңбек ардагері Бақыт Оспанов, аудандық ақсақалдар және ардагерлер алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков және басқа да азаматтар сөз алып, ең алдымен Елбасының атына ризашылықтарын жеткізді. Олардың сөзінің ортақ түйіні: «Халықтың тілегі орындалды, көңілі орнықты, үміті еселенді, енді тек білек түре еңбек етуіміз керек. Бұл орайда біз аудан әкіміне қолдау көрсетіп, бастамаларын бірлесіп атқарысуға дайынбыз», - деген ортақ ойға тоғысты.

Аудан әкімі Жолан Омаров өзіне артылып отырған үмітті ақтайтынына сендіріп, алдағы жоспарларын қысқаша баяндады. Мәселен, биылғы жылы картопты 100 гектарға сепсе, келесі жылы оның көлемін еселеп өсірмек. 2020 жылға қарай 130 мың тонна картоп жинау жоспарланып отыр. Бұдан өзге де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар баршылық.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі қысқа мерзімде шекаралық өңірді гүлдендіруге барлық қажетті қолдауларды көрсететінін атап өтіп, нарынқолдықтарды алда тұрған ауқымды істерді бірлесіп атқаруға шақырды.

Сондай-ақ осы күні жаңадан құрылған Кеген ауданында болып, мәслихат депутаттарының қолдауымен, Президент Әкімшілігінің келісімімен аудан әкіміне тағайындалған Талғат Байеділовті аудан активіне таныстырып, өңірді дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде картоп өсіру ісін, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және басқа да салалар бар.

- Ауданды екіге бөлу шараларына бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылды. Бірақ, мұның сыртында тұрғын үйлер құрылысына, инфрақұрылымдар жүргізуге, техникалық жабдықтауға – басқа да осындай маңызды шараларға қосымша қаржы береміз. Қатар жатқан екі ауданды бір-бірінен бөлмей бірдей көмек көрсетеміз. Екі аудан бір-біріне қолдау көрсетіп, жарыса жұмыс істейді деп сенемін. Кеген ауданының туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Мұнда Мойнақ ГЭС-і бар. Сондықтан барлық әлеуеттеріңізді тиімді пайдаланып, өлкеден шыққан кәсіпкерлерді де тарта отырып, үлкен істерді тындыруға тиіспіз.  Бүгінге дейінгі басталған жобаларды жаңа әкім сәтті жалғастырып, оның жемісін халық көруі тиіс, - деді А. Баталов.

Жиында ардагерлер де сөз алып, Елбасының оң шешіміне, игі бастамаларға алғыстарын жеткізді. Біраз жылдан бері шешімін күткен «Құмтекей» каналы үшін 50 млн. теңге бөлініп, қалпына келтірілгеніне, картоп өндірісіне қатысты жобалардың басталғанына қуанғандарын айтты. Екі аудан әкімдерінің жұмыстарына табыс тілеп, баталарын берді.

Атап өтсек, жаңа өзгерістерге сәйкес Райымбек ауданына 11 ауылдық округ және 20 елді мекен кіріп, аумағы 711,9 мың гектарды құраса, жаңадан құрылған Кеген ауданы 710,3 мың гектар аумаққа және 12 ауылдық округ, 34 елді мекенге ие болды. 

ТАҒАЙЫНДАУ

 Алматы облысы әкімінің өкімімен Байедилов Талғат Ескендірұлы Кеген ауданының әкімі болып тағайындалды.

БАЙЕДИЛОВ Талғат Ескендірұлы

1972 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, мамандығы бойынша - экономист.

Еңбек жолын Жалаңаш ауылындағы «Тоғызбұлақ» ұжымшарының жұмысшысы болып бастаған.

Әр жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК «Алматы» қаржы-экономикалық орталығының есепшісі, салық есебі және бақылау бөлімінің экономисі, «ICS» ЖШС-ның инспекторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамының Іле аудандық пошта байланысы торабының бастығы, Райымбек ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі, Райымбек ауданы әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған.

2011 жылдың қараша айынан - Райымбек ауданы әкімінің орынбасары.


Карты области
О регионе
ПОЧЕТНЫЕ ГРАЖДАНЕ КАЗ.jpg