Алматы облысының әкімдігі Ресми сайт

Спорт саласының үздіктері марапатталды

Спорт саласының үздіктері марапатталды 07.02.2018 12:45

Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облысының үздік спортшыларына құрмет көрсетілді. Салтанатты кездесуде облыс әкімі Амандық Баталов спортшыларға марапаттар тапсырып, жаңа жеңістер мен биік белестер тіледі.

Облыс әкімі А. Баталов өзінің кіріспе сөзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірде спортты дамытуға барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы дене шынықтыру және спорт саласына жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қарастырылса, биылғы жылы бұл сома 14 млрд. теңгеге жетіп отыр.  

- Спорттың қоғамда алар орыны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі,  рухтың күштілігінің кепілі. Тәуелсіздік алғаннан бері көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыстарда биікке көтерілді.  Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спортқа жасаған қамқорлығы мен спортшыларымыздың, бапкерлердің, осы сала мамандарының маңдай терінің жемісі. Отандық спорттың дамуына жетісулық саңлақтар да мол үлес қосуда. Жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап артып келеді. Біз де өз тарапымыздан спорт нысандарына күрделі жөндеу жасауға, құрылысын жүргізуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға барынша қолдау танытып келеміз. Бұдан былай да бұл қолдаулар жалғасын табатын болады. Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, үлкен жеңістер тілеймін, - деген А. Баталов одан әрі марапаттау рәсімін атқарды.

Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысы бойынша Альберт Линдер, Карина Горичева, Демеу Жадыраев үздік спортшылар атанды. Спорттағы ерен еңбектері үшін оларға дипломдар мен әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаты берілді.  Бұдан өзге 28 спортшының жыл ішіндегі жетістіктері үшін 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі сертификаттар ұсынылды.   Олардың қатарында Ольга Пастухова, Анатолий Савельев, Жандос Исмайлов, Бегарыс Садуақасов, Алена Станская, Ұлан Рысқұл, Бейбіт Назаров және басқалары да бар.

Жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалған жоқ.  Жылдың үздік жаттықтырушылары болып Сергей Седов пен Боранбек Қоңыратов танылды. Сонымен қатар шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген 20-дан астам бапкерлердің де еңбегі аталып өтілді.  Олар – Алексей Клиновитский, Әбілқайыр Байбосынов, Манат Таласпаев, Азамат Балпықов және т.б.

Кездесу барысында облыстағы үздік спорттық мекемелерге де марапаттар берілді. Солардың ішінде Талдықорған қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі алдыңғы қатарда деп танылып, 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Үздік спорттық федерация» аталымында облыстық грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі федерациясы қара үзіп шығып, 500 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Ал «Үздік кәсіби клуб» атағын «Бесарыс» көгалдағы хоккей кәсіби клубы жеңіп алды.

Сондай-ақ спорт тақырыбына төселген тілшілер, фототілшілер, тележүргізушілер, бейнеоператорлар, блогерлердің де еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Марапатқа ие болғандар атынан Талдықорған қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир Дроздов, облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Ришат Тұрғанбаев, дзюдодан ҚР спорт шебері, жастар арасында дзюдодан өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова, «Қазақстан Барысы - 2017» республикалық турнирінің күміс жүлдегері Ұлан Рысқұл және дзюдодан ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының жеңімпазы Камила Берліқаш сөз сөйледі. Көрсетілген жан-жақты қолдаулар үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да жерлестерін, республика халқын үлкен жеңістерімен қуантуға бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

- Сіздерді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жылы да жеңісті жолды жалғастырып, түрлі жарыстардан алтын, күміс, қола медальдармен оралатындарыңызға сенемін. Сіздердің спортта одан әрі шыңдалып, чемпион болуларыңыз үшін біз қолымыздан келген қамқорлықты жасаймыз.  Өздеріңізбен осындай жылы жүздесуді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын боламыз, - деді.

Жалпы Алматы облысында қазіргі кезде 3439 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, өткен жылы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Қарасай ауданының Жалпақсай ауылында футбол алаңдары салынды. Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы спорт мектебі, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы базасы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары былтыр басталған бірнеше нысан - Райымбек ауданының Кеген ауылында, Талғар және Қаскелең қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтереді. Сонымен қатар, Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында және Қарасай ауданының Шамалған ауылында шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жоспарлануда. Оған қоса биыл Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқу ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2017 жылы Алматы облысының спортшылары  түрлі деңгейдегі 1345 медаль жеңіп алды (495 алтын, 372 күміс, 478 қола). Өткен жылы 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 18 халықаралық санаттағы спорт шебері, 132 спорт шебері, 648 спорт шеберлігіне кандидаттар мен 381 бірінші разрядтағы спортшылар дайындалды. 


Карты области
О регионе
ПОЧЕТНЫЕ ГРАЖДАНЕ КАЗ.jpg