Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +19 oC

Талғар ауданына жаңа әкім тағайындалды

Талғар ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданында болып, ауданға жаңа әкім тағайындады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Талғар ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Жолан Омаровтың кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірді. Депутаттармен кездесуден кейін облыс әкімі А.Баталов аудан активімен жүздесті.

Кездесуде облыс басшысы Талғар ауданының аса ауқымды өңір екенін, шешімін күткен бірқатар мәселелері де бар екенін атап өтті.

– Талғар ауданында 280 мыңдай халық тұрады. Тұрғындары еңбеккер, кәсіпкерлікке бейім үлкен ауданды басқарудың артықшылығы да, қиыншылығы да бар. Қала маңындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Мұндағы жер мәселесіне де жіті қарау керек. Кез келген іс жылдам шешім қабылдап, соңына дейін сапалы атқарғанда ғана түбегейлі шешіледі. Сондықтан біз ауданға қашанда зор қолдау көрсетіп келеміз. Мәселен, соңғы 5 жылда Талғар ауданына 37 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Рыскелді Ахметқалиұлы қолынан келгенше ауданды дамытуға үлес қосты. Сол үшін облыс басшылығының, аудан тұрғындарының атынан рахмет айтамын. Рыскелді Сатбаевтың тәжірибесі мол, орталық органдарда, Қарағанды облысында, Алматы қаласында жауапты қызметтер атқарған. Сондықтан осы білімі мен тәжірибесін, потенциалын облысты дамытуға әлі де бағыттайтын болады. Ал бұған дейін Райымбек ауданын басқарған Жолан Омаровтың Талғар ауданын басқаруға күш-жігері, кәсіби мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. Бұл өңірдегі жылумен, сумен, газбен қамту, су тасқынының алдын алу,, әсіресе, әлеуметтік және жер мәселелеріне көп көңіл бөлу қажет. Тұрғындардың арыз-өтініштерінде көтерген проблемаларын шешу алдыңғы қатарда тұруы тиіс, - деді А. Баталов.

Сонымен қатар облыс басшысы ауданда атқарылған бірқатар істерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, әкімдіктің ұсынысымен, Үкіметтің қолдауымен жоғарғы Талғар трассасын жаңғырту жұмыстары жуырда басталады. Сол сияқты аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлерді жылу жүйесіне қосу ісі қарқынды жалғастырылатынын да тілге тиек етті. Облыс әкімі Жолан Омаровтың жұмысына сәттілік тілеп, бизнестің дамуына, өнеркәсіпті өркендетуге қолдау танытуды тапсырды.

Өз кезегінде Р.Сатбаев аудан жұртшылығына және өзіне сенім білдірген облыс басшылығына ризашылығын айтып, жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі. Сол сияқты Жолан Омаров та үлкен ауданның өзіне артылған үлкен сенім әрі үлкен жауапкершілік екенін жеткізіп, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сендірді.

Жиында Талғар ауданының Құрметті азаматы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қ. Байболов, № 17 мектептің директоры, грек этномәдени бірлестігінің төрайымы Л. Тифанциди және басқа да азаматтар ой-пікір қосып, тілектерін білдірді.

 

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жолан Ыбрайақынұлы Омаров Талғар ауданының әкімі болып тағайындалды.


Жолан Ыбрайақынұлы Омаров

1979 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін заңгер, Қазақ ұлттық аграрлық университетін кадастр бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын «КИРЗАВОД-1» ЖШС атқарушы директоры болып бастады.

Әр жылдары «КИРЗАВОД-1» ЖШС бас директорының орынбасары, «Алматыжер ҒӨО» ЕМК Алматы филиалы заң секторының маманы, Қаскелең жер-кадастрлық филиалының басшысы, «Алматыжер ҒӨО» ЕМК директорының бірінші орынбасары, директордың міндетін атқарушы, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы, Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2017 жылдың желтоқсан айынан – Райымбек ауданының әкімі.

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Рыскелді Ахметқалиұлы Сатбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Талғар ауданының әкімі лауазымынан босатылды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Көріністер:  937

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 13.09.2019 12:54

Өзгертілген күні: 13.09.2019 17:22:20

Тізімге қайта оралу


Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх