Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +26 oC

Талғар ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Талғар ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талғар ауданында болып, алдымен аудандық мəслихаттың кезектен тыс XXVIII  сессиясына қатысты. Талғар ауданының әкімі Райхан Садықованың басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауданның жаңа әкімін тағайындайтынын айтып, бұл лауазымға Президент Əкімшілігінің келісімімен ұсынылып отырған Рыскелді Сатбаевтың кандидатурасын депутаттарға таныстырды. Депутаттар ұсынысқа бірауыздан қолдау білдіріп,  мұнан соң жиын активпен жалғасты.

Жиында облыс əкімі ұзақ жыл басшылық қызметте жұмыс істеген Райхан Садықованың атқарған тындырымды ісіне ризашылығын  білдірді.

- Алматы маңындағы ауданды басқару, оның үстіне əйел адамның əкім болуы оңай емес. Десек те ер азаматтармен бірге білек сыбана жұмыс істеді. Өткен жылы 5 мектеп салдық, табиғи газ жүйесі дамып келеді, ауыз су мəселесін шешіп жатырмыз, көп қабатты үйлердің жылу қазандықтарына қаржы бөлінді, жалпы басталып жатқан игі жобалар көп. Осы басталған игі істерді жаңа басшы жалғастыруы тиіс. Ал Райхан Нұрмырзақызы сияқты мамандардың тəжірибесін, білімі мен білігін əлі де пайлалануымыз керек. Сондықтан жаңа жұмыста да жемісті жұмыс істеуіңізге тілектеспіз. Бүгінге дейінгі Талғар ауданын алға бастырудағы еңбегіңізге ризашылығымды білдіремін, - деген облыс əкімі А. Баталов Р. Садықоваға сый-сияпат көрсетті.

Райхан Садықова өз кезегінде Талғар жұртшылығына, облыс басшылығына алғысын жеткізіп, өзінің туған жеріне əлі де еңбек сіңіруге дайын екенін айтты, жаңа əкімнің жұмысына жеміс тіледі.

Осы жиында А. Баталов жаңа əкім Рыскелді Сатбаевты таныстырып, өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті. Рыскелді Ахметқалиұлы еңбек жолын Алматы облыстық тресінің учаске мастері болып бастап, облыстағы құрылыс саласы мекемелерінде инженер, бас инженер, прораб қызметтерін атқарды. Бірқатар құрылыс компанияларына басшылық жасаған. Мемлекеттік басқару саласында зор тəжірибесі бар маман Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторы, бас консультанты, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде басшылық, Премьер-Министр Кеңсесінде жауапты қызметтер атқарған.

 Облыс басшысы Рыскелді Ахметқалиұлына ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбек тәжірибесін қызметте тиімді қолдана білетін жетекші ретінде  сенім білдіретінін айтты.

- Алматыдай үлкен мегаполиспен іргелес орналасуы ауданға зор мүмкіндіктер береді. Соған сəйкес мұнда инвестиция тарту, кəсіпкерлікті дамыту, туризмді өркендету үшін жолдарды ретке келтіру, тұрғын үй құрылысын, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, жабайы сауданы болдырмау жəне басқа да алда күтіп тұрған жұмыстар көп. Сондықтан Рыскелді Ахметқалиұлы өзінің жинақтаған тәжірибесін Талғар ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуына бағыттайды деген сенімдемін. Елбасының тапсырмаларын орындауда елдің үлкендерімен ақылдасып, əріптестерің мен жастарды игі істерге жұмылдыра білсең, сонда нəтижелі жұмыс болады, - деп А. Баталов жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеді.

Жиында еңбек ерлері Қалимолда Байболов пен Нейлə Үмбетова сөз алып, Талғар елінің еңбексүйгіш, берекелі екенін, Р. Садықовамен бірге істеген жылдардың жемісі жаман болмағанын айтып, енді Р. Сатбаевтың жетекшілігімен де қол жеткізетін жетістіктер көп боларына сенім білдірді. Ең бастысы көппен тіл табыса жұмыс істеуге шақырды. Өз кезегінде Р. Сатбаев та өзі алғаш еңбек жолын осы Талғар ауданының бұрынғы Калинин совхозында шебер болып бастағанын айта келе, өзінің орталық органдарда, өңірлерде жинаған тəжірибесін, күш-жігерін ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсайтынына сендірді.

Айта кетсек, Талғар ауданында жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы өндірілген жалпы өнімнің көлемі 2,3 млрд. теңге, өнеркəсіпте 5,2 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ 1,3 мың тонна ет, 9,3 мың тонна сүт, 4,7 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Бюджетке 1 млрд. 747 млн. теңге түсті. Жұмыс істеп тұрған кəсіпкерлік субъектісінің саны 833-ке артып, 9580-ді құраса, онда жұмыс істейтіндер саны 26,4 мың адамға жеткен.


ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Сатбаев Рыскелді Ахметқалиұлы Талғар ауданының әкімі болып тағайындалды.

САТБАЕВ Рыскелді Ахметқалиұлы 

1961 жылы туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын – инженер-құрылысшы, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы облыстық тресінің учаске шебері болып бастады.

Әр жылдарда «Алматы-облколхозстрой», «Алматыоблагропромстрой», «Алматаагрострой №1» мекемелерінде инженер, бас инженер, «Казкиноремтехпром» көпсалалы кәсіпорнының прорабы, «Казглавкино» республикалық кино билет-материал базасының, «Казкульт» республикалық киноматериал базасы филиалының директоры, «Казкинокомплект» АҚ-ның президенті, «CEVLAN INSAAT» құрылыс компаниясы өкілдігінің басшысы, Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы, бас консультанты, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, Әкімшілік-кадр жұмысы департаментінің директоры, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарған. 

2013 жылдың қазан айынан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Садықова Райхан Нұрмұрзақызы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Талғар ауданының әкімі лауазымынан босатылды.


Көріністер:  197

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 09.04.2018 14:31

Өзгертілген күні: 11.04.2018 08:54:07

Тізімге қайта оралу


Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424
Наверх