Алматы облысының әкімдігі Ресми сайт

Талдықорған қаласына жаңа басшы жетекшілік етеді

Талдықорған қаласына жаңа басшы жетекшілік етеді 24.05.2018 16:32

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкімдігіне барып, қалаға жаңа басшы тағайындады.

Алдымен қалалық мәслихат депуттарымен кездесіп, Президент Әкімшілігінің келісімімен облыс орталығының әкімі етіп Дастан Шалтабаевтың кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Депутаттар тарапынан ұсыныс қолдау тапқан соң облыс әкім активпен жүздесті.

- Кешеден бері бірқатар аудандарда кадрлық өзгерістер болды. Бүгін, міне, Талдықорған қаласына жаңа әкім тағайындап, таныстырғалы отырмыз. Бүгінге дейін Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев қаланың басшылығында 4 жылдай жұмыс істеді. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы көркейіп, дамып келеді. Жуырда өңірге келген сапарында Елбасы Талдықорғанның жаңа келбетін көріп, жалпы істелген істерге оң бағасын берді. Бұл бағалауда Талдықорған қаласы әкімшілігі мен басшылығының да елеулі үлесі бар. Бағдат Әбілмәжінұлы денсаулығына байланысты өзі өтініш білдірді, мен өтінішін қабыл алдым. Әзірге менің кеңесшім болады. Денсаулығын түзеп, мықтап алғаннан кейін тәжірибесі мол, іскер азаматты жауапты қызметке тағайындайтын боламын. Ал Талдықорғанның әкімі лауазымына құрылыс пен сәулет саласынан хабары мол, білікті кадр Дастан Шалтабаевтың кандидатурасын дұрыс деп шештім. Қала жылдан жылға өсіп, құрылыс қарқынды дамып келеді, сәулеттік келбетіне де ерекше назар аударуымыз керек. Дастан Шалтабаев өзіне жүктелген сенімді ақтап, лайықты жұмыс істейді деп сенемін, - деді А. Баталов. Мұнан соң Б. Қарасаевқа ризашылығын білдіріп, Құрмет грамотасын тапсырды.  

Сондай-ақ облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, оның ішінде Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асып жатқан ірі жобаларды, қант қызылшасын, жүгері өсіру мен өңдеудегі ілгерілеушіліктер, туризм мен инфрақұрылымды дамыту шараларына қысқаша тоқталып өтті. Әсіресе, Талдықорған қаласындағы газдандыру, жол жөндеу, көгалдандыру жұмыстарына екпін түсірді. «Әр саладағы жұмыс сағаттың механизміндей күнделікті жүйелі түрде атқарылуы керек. Дастан Тұрарбекұлынан осындай жұмысты талап етемін», - деді А. Баталов. 

Тағайындау

Алматы облысы әкімінің өкімімен Дастан Тұрарбекұлы Шалтабаев Талдықорған қаласының әкімі лауазымына тағайындалды.

 

 Дастан Тұрарбекұлы ШАЛТАБАЕВ

1973 жылы туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы – инженер-құрылысшы, құқық бакалавры.

Еңбек жолын Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы Жетісу аудандық бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдарда Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы Жетісу аудандық бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, Алматы облыстық білім басқармасының бастауыш және орта кәсіптік білім, құрылыс және жөндеу бөлімінің бас маманы, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Алматы облыстық департаментінің бас маманы, Жамбыл және Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық құрылыс басқармасының бастығы, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.

2017 жылдың қаңтар айынан - Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары.

 

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Талдықорған қаласының әкімі қызметінен босатылды.

 

 


Карты области
О регионе
ПОЧЕТНЫЕ ГРАЖДАНЕ КАЗ.jpg