Алматы облысының әкімдігі Ресми сайт

Жаңалықта саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті

Жаңалықта саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті 31.05.2018 15:19

Бүгін Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында 31  мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг болып өтті. Оған облыс әкімі Амандық Баталов, қоғамдық ұйым өкілдері, репрессияға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, аудан тұрғындары қатысты.

Митингіні ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қоюдан бастаған облыс әкімі Амандық Баталов көпшілік алдында сөз сөйлеп, 31 мамыр – ел тарихындағы ең бір азалы күндердің бірі екеніне тоқталып өтті.

- Жыл сайын осы күні – ел тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске аламыз. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де тоқталмауы тиіс. Біз Елбасының «Рухани жаңғыруә бағдарламасы аясында жазықсық құрбан болған бабалардың рухына арнап, Жаңалық ауылында музей салуды ұйғарып, биыл құрылысын бастадық. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылатын бодады, - деді А. Баталов.

Мұнан соң республикалық қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы сөз алды. Ол қазақ жерінде әр кезеңде түрлі сипатта орын алған нәубеттердің тарихына, оның залалы мен болашақ үшін сол қаралы тарихты білудің маңызына тоқталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров әкесіне арнаған жүрекжарды өлеңін оқыды.

Сонымен қатар республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнес Ғарифолла сөйледі. Ол осыдан 20 жыл бұрын «Әділет» қоғамдық бірлестігіне осы аумақтан 17 гектар жер берілгенін, және сол жерге музей салу туралы арман-мақсаттары биыл жүзеге асқанын айтып, сол үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Бұл арада қазақпен қатар қуғынға ұшыраған түрлі 50-ге тарта ұлт өкілдерінің де жатқанын тілге тиек етіп, барлық боздақтардың рухына тағым ететінін жеткізді.

Жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, екерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы күні боздақтарға құран бағышталып, ас берілді.

Атап өтсек, Жаңалық ауылында салынып жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің жалпы алаңы 535 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 288 млн. теңге бөлінген. Мердігер компания - «Нұр-Шапағат» ЖШС. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың наурыз айында басталған болатын. 


Карты области
О регионе
ПОЧЕТНЫЕ ГРАЖДАНЕ КАЗ.jpg