Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған 0 oC
Жергілікті жерлердегі шешімін күткен мәселелер айқындалды

Жергілікті жерлердегі шешімін күткен мәселелер айқындалды

Жергілікті жерлердегі шешімін күткен мәселелер айқындалды

Бүгін облыс әкімдігінде аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдау басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының әкімдерін тыңдады. Олардан негізінен 2019 жылы шешуді қажет ететін қандай мәселелері бар, қандай проблемалардың түйінін тарқатуға облыстан қолдау қажет екендігі сұралды. Мұндай отырыс жергілікті жерлердің өзекті мәселелерін айқындау, оларды шешуге қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізіліп жүр.

Алдымен мінбеге көтерілген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев 2018 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, өткен 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 203 млрд. теңге болса, жыл соңына дейін оны 236,2 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. 2018 жылдың аяғына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция 113,5 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Биылғы жылда ауданда тұрғын үй салу көрсеткіші 179 мың шаршы метрге жетуі тиіс. Ауданда есепті кезеңде 2093 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұдан әрі Ж. Далабаев сөзін шешімін күткен мәселелермен жалғастырды. «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 1200 орындық мектеп пен 315 орындық балабақша салуға, Белинский, Әзірбаев, Ғабдуллин атындағы және басқа да бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге, аудан халқы санының өсуіне байланысты Қаскелең қаласынан емханасы бар жаңа аурухана салуға, тозығы жеткен бірқатар ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына жаңа нысандардың құрылысын бастауға қажетті құжаттамалар әзірлеуге қаржылық қолдау сұрады. Сонымен қатар көктем сайын қайталанатын қар суының жайылу мәселесін болдырмау үшін Қаскелең қаласының арық жүйесін жаңғырту ісі де облыс басшылығы тарапынан мақұлданды. Бекболат ауылының ауыз су жүйесін, Қырғауылды ауылына кәріз жүйесін тарту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Шамалған бекетіндегі темір жол қозғалысының тұрғындар өміріне жиі қауіп төндіруіне байланысты темір жол желісінің үстінен көпір өткелінің құрылысын жүргізу мәселесі көтеріліп, «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі пысықталды.

Есеп соңында облыс әкімі А. Баталов Қарасай ауданының «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламаларын орындаудағы шабан қимылын сынға алды. Сонымен қатар аудандағы 11 сауда базарының ешқайсысы заманауи талаптарға сай еместігін де аудан басшылығы әлі назарға ала қоймаған. «Облыстағы іргелі өнеркәсіптердің көпшілігі Қарасай ауданында орналасқан. Сондықтан өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне жол берілмеуі тиіс. Бұл жөнінде ірі және орта кәсіпорындармен жұмыс жүргізіңдер», - деді А. Баталов.

Өз кезегінде Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сөз алып, 2018 жылды өсудің оң динамикасымен аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді. 2019 жылдың негізгі міндеттері мен шешімін күткен мәселелерін анықтап айтып берді. Келесі жылы аудан экономикасына 10 ірі және орта кәсіпорынды кеңейту, 12 жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру және «Береке» индустриалды аймағындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру есебінен 70 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. 5 су шаруашылығы каналдарын жөндеудің ЖСҚ-лары дайындалуда. Бұл 5 каналды қалпына келтіру арқылы ауданның суармалы жерлері тағы 1,5 мың гектарға артатын болады.

Іле ауданында шешімін күткен мәселелер баршылық. Солардың қатарында Өтеген батыр кенті мен Боралдай ауылында канализациялық-насос стансаларын қалпына келтіру, Өтеген батыр кентінде қоқыс алаңдарын талапқа сай жасау мен контейнерлерді ауыстыру, «Іле коммуналдық шаруашылығы» ШЖҚ МКК паркінің техникаларын толықтыру, балалар мен спорттық алаңдардың техникалық жағдайын жақсарту және басқа да маңызды мәселелер көтерілді.

Облыс әкімі өз сөзінде айтылған мәселелер зерделеніп, тиісті қаражат бөлу мәселесі қарастырылатынын айтты. Және көшелерді жарықтандыру сияқты кейбір мәселелерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігімен шешуді тапсырды. Сонымен қатар «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда бүгінгі күнге қолданысқа беруге дайын тұрған 45 пәтер болғанымен, небары 19 ғана өтініштің оң қорытындыға ие болғанын төмен көрсеткіш деп бағалады. «Ауқымды аудан үшін бұл өте аз. Әлі де тындырымды нәтиже көрмей тұрмын. Қолданысқа беруге дайын тұрған 45 пәтерге берген барлық өтініштер жылдам қаралып, оң қорытынды алуларына қол жеткізетін болыңдар», - деді А. Баталов.

Үшінші болып мінбеге Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ шықты. Ол өзі жетекшілік ететін өңірдің ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі, шағын және орта бизнестегі, инвестиция тартудағы толымды істеріне аз-кем тоқталды. Мәселен, соңғы үш жылда ауданда 1500 гектарға интенсивті бақтар отырғызылып, оған тартылған инвестиция көлемі 13 млрд. теңгеге жеткен. 2017 жылы 395 гектар жерге бақ егілсе, биылғы жылы жаңадан отырғызылған бақ аумағының көлемі 568 гектарды құраған. Сондай-ақ Б. Ысқақ шешімін күткен бірқатар мәселелерді атап өтті. Соның ішінде Есік қаласы мен Шелек ауылында 101 көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту үшін 46 модульдік қазандықтар орнатуға, 32 әлеуметтік нысанды газбен жылыту жүйесіне қосуға, үш ауысымды және типтік емес мектептер мәселесін шешуге және басқа да мәселелерге қаржылай қолдау сұрады.

Облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде Еңбекшіқазақ ауданында ирригациялық жүйелерді жөндеу, сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бір-де бір жоба ұсынылмағанын, сиыр етінің экспортына аудан әлі күнге үлес қоспағанын сынға алды.

- Барлық аудан, қала әкімдері Елбасы тапсырмаларын орындауды басты бағыт етуі тиіс. Соның ішінде Президенттің «7-20-25» бағдарламасын орындауда облыстың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жыл соңына дейін осы тұрғын үй бағдарламасының жоспарына шығуды қатаң тапсырамын. Аудандар әлеуметтік нысандарды, көп қабатты тұрғын үйлерді табиғи газға, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу туралы ұсыныстарын айтып жатыр. Бұл жұмыс жүйесіз, шашыраңқы түрде жүргізілмеуі керек, облыста осы мәселе бойынша барлық аудан, қаланы қамтитын, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын нақты жоспар болуы тиіс. Осы айтылған мәселелер бойынша жұмысты сол салаларға жауап беретін орынбасарларым қатаң бақылауға алсын, - деді А. Баталов өз сөзінде.

Бұдан соң Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытына, алдағы міндеттерге тоқталып өтті. Мысалы, Қақпақ ауылдық округінде «Tengri LAND» ЖШС 380 га жерге қара қарақат отырғызуды жоспарлап отыр. Инвестор 8 млн. теңгеге қажетті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Тағы 1 га жерге таңқурай отырғызылады. Сарыжаз ауылында «Лебасы А» кооперативі 2019 жылы 400 орынға арналған, құны 16 млн. теңге болатын мал бордақылау алаңын ашады. Шешуді қажет ететін мәселелер қатарында ең алдымен жедел жәрдем атопаркін жаңартып, тозығы жеткендерін 16 реанимобильге ауыстыру қажет. Нарынқолда санавиация үшін ұшу-қону алаңының құрылысын жүргізуге де қаржы керек. Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарын ауыз сумен қамту, мәдениет үйлеріне, ауылдық әкімдік ғимараттарына күрделі жөндеу жасау, Қақпақ және Жамбыл ауылдарында екі амбулатория салу да өзекті проблемалар қатарында аталды. Көтерілген мәселелер облыс басшысы тарапынан қолдау тауып, ауданды ең бірінші жедел жәрдем машиналарымен және санавиацияға арналған ұшу-қону алаңымен қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте облыс әкімі Амандық Баталов Нарынқол ауылын көркейту мәселесін қатаң сынға алды. Жұмыс сылбыр жүріп жатқанын айтып, жетекшілік ететін өз орынбасарлары тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау жасалмай отырғанын айтты.

- Бұл – Президенттің Жарлығымен құрылған жаңа аудан. Біз тұрғындарға жағдай жасау үшін барлық қажетті шараны қолға алуымыз керек. Ауданға жаңадан мамандар келіп жатыр, бірақ әлі күнге олардың жұмыс орны жоқ. Жаңа жылдың бірінші жартысында барлық әкімшілік ғимараттар, соның ішінде аудан әкімдігі, ХҚО, ІАІІБ, прокуратура ғимараттары толығымен аяқталуы тиіс. Жұмыстың сапалы атқарылуы бірінші кезекте назарда болуы керек. Бұл істе ұсақ нәрсе болмайды. Құрылыс материалын, түс үйлесімдерін таңдағанда талғаммен қараңдар. Өзімнің барлық орынбасарларыма және облыстық басқарма басшыларына жұмысқа белсенді кірісуді, аудан әкіміне кеңес беріп, нақты іспен көмек көрсетуді тапсырамын. Барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның нәтижесін халық көруі керек, - деді А. Баталов.

Аудан әкімдері есебінің бірінші күні Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовтің баяндамасымен аяқталды.

Талғат Байеділовтің айтуынша, ең маңызды мәселелердің бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу. Мердігер мекеменің салдарынан ұзаққа созылып кеткен дене шынықтыру-сауықтыру орталығынң құрылысын да аяқтау – алдағы міндет. Сонымен қатар жедел жәрдем автопаркін жаңарту қажет. Ауданның ветеринарлық станциясының да материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етеді. Райымбек ауданындағыдай Кеген ауданында да картоп өсіруге қолайлы ауа райы болғандықтан картоп өсіруді дамытуға қолдау білдірілсе деген ұсыныс айтылды. Картоп егуге лайықты жер де, қажетті техника да бар. Тек сапалы тұқым мен су каналдарын күрделі жөндеуге қаржылай қолдау керек. Осы ретте тұқым Райымбек ауданында өсірілген тұқым қорынан берілетіні айтылды. Жедел жәрдем көліктерімен қамту жуық арада шешімін тауып, сатып алынған көліктер аудан, қалаларға бөлінетіні де белгілі болды. Сол сияқты мердігер компания тарапынан жіберген кемшіліктер толығымен жойып, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы келесі жылдың сәуірінде бітеді деп жоспарланып отырғаны анықталды. Басқа да айтылған мәселелер зерделеніп, өз шешімін табатын болады.

Есеп беруді қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов кейбір мәселелерді жергілікті жерде шешуге, кейбір проблемаларды инвестор тартып, мемлекеттік-жемекеншік әріптестік тетігін қолдану арқылы шешуге болатынын айтты. Ал міндетті түрде облыстың қолдауын талап ететін мәселелер де бар. Әкім осылардың әрқайсысын айыра білу керектігін ескертті.

- Ең алдымен жұмыс тиімді әрі сапалы жүру үшін не нәрсеге басымдық беретіндеріңді айқындап алыңдар, проблемалық мәселелерді рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешуді үйрену керек. Жұмыстарыңа толық талдау жасап, алға қойған міндеттерді тағы бір пысықтап алуды тапсырамын. Біз өз тарапымыздан бүгінгі айтылған мәселелерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз, - деді А. Баталов.



Көріністер:  343

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 05.12.2018 18:25

Өзгертілген күні: 07.12.2018 14:36:08

Тізімге қайта оралу



Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424



Алматы облысының инвестициялық порталы

Наверх