Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған 0 oC
Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша атқарылатын жұмыс айқындалды

Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша атқарылатын жұмыс айқындалды

Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша атқарылатын жұмыс айқындалды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған өңірлік актив жиыны өтті. Жиында Жолдауды жүзеге асырудағы облыстық атқарушы органдардың міндеттері туралы мәселе қаралды.

Облыс әкімі А. Баталов Президенттің бұл Жолдауы осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Әр отбасының, әрбір адамның жағдайын, тіршілік ортасын жақсартуға арналған Жолдауды орындауға жергілікті атқарушы органдар бүгіннен бастап кірісуі керектігін қадап айтты.

Алдымен Жолдауды талқылау бойынша Көксу ауданындағы Қ. Жалаири атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Айдынгүл Нұрдәулетова сөз алды. Оның айтуынша, биылғы Жолдауда айтылған педагогтардың мәртебесін анықтау ісі көптен шешімін күткен мәселе еді. Сонымен қатар жылдың басты құжатында үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге де ерекше назар аударылғаны қуантады. «Өткен жылы облыста «Нұрлы жол» бағдарламасымен 33 мектеп салынса, биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Сіздер мектеп салып бере берсеңіздер, біз қанша бала болса да оқытуға қуана кірісеміз», - деді А. Нұрдәулетова.

Сол сияқты облыстық перинаталды орталықтың дәрігері Елена Осипова медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда, денсаулық сақтау саласын цифрландыруда өздеріне жүктеліп отырған міндеттің зор екенін айта келе, оған қол жеткізуге облыста барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын және соған сәйкес сапалы жұмыс істейтіндіктерін айтты.

Жиында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, спорт, жастар ісі салалары бойынша да мамандар сөз алып, Жолдауға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Мұнан соң Жолдау тапсырмаларына сай қай салада қандай міндеттер күтіп тұрғаны, қай бағыттарға басымдық берілуі тиістігі жайында облыс әкімі А. Баталов нақты міндеттерді белгілеп берді.

Облыс басшысының айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қысқа мерзімде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, сол жоспар басшылыққа алынатын болады.

Биылғы Жолдауда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жыл сайын сомасы 30 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыра отырып, 2025 жылға дейін ұзарту тапсырылған болатын. Мәселен, бағдарлама басталғаннан бері облыс кәсіпкерлері үшін 1219 жобаны іске асыруға 30,6 млрд.теңгеге қолдау көрсетілген, жеті мың сегіз жүз жұмыс орны ашылып, 26 мың жұмыс орны сақталған. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 115 мыңнан асып, жергілікті бюджеттегі үлесі бір жыл ішінде 39% процентен 53% процентке өскен, ал жалпы өңірлік өнімде жыл соңында 28%-ті құрайды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес актив жиынында облыс әкімінің орынбасары Ж. Тұяқовқа, кәсіпкерлік басқармасына өңір кәсіпкерлеріне қолдау көрсету мақсатында қосымша қаржы алу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырылды.

- Ауыл шаруашылығында облыс жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Қант қызылшасы, жүгері өсіру, өңдеу ісін жолға қойдық. Алайда біз осы жетістіктерімізбен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан бір ай ішінде облыстағы АӨК дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеп, бекітіп, бағдарлама ішіне 9 басым бағытты белгілеуді тапсырамын. Соның ішінде, етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, басымдық берілетін дақылдар, интенсивті бақтар, жылыжай шаруашылықтары және т.б. бар, - деп атап өтті А. Баталов.

Сонымен қатар білім беру мекемелерін бейнебақылаумен қамтамасыз ету, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге қатысты да нақты міндеттер жүктелді. Мәселен, ішкі минграция мен демографиялық өсімнің нәтижесінде үш ауысымда оқытатын бұрыннан бар мектептердің қатарына өткен жылы 11 мектеп қосылса, биыл тағы 13-і қосылып отыр, сөйтіп олардың саны қазіргі кезде 34-ті құрайды.

- Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов пен тиісті басқармаларға 15 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды аяқтауды, жаңа 11 үшауысымды мектептің құжаттарын әзірлеуді тапсырамын. 11 мектептің құжаттарын әзірлеуге қажетті қаржыны жуық арада өтетін бюджетті нақтылау кезінде қарастыруымыз керек.

Елімізде «7-20-25» бағдарламасы басталды, алайда бізді әлі күнге дейін сатып алушылардың толық пулы қалыптастырылмаған. Екінші деңгейлі банктер сомасы 849 млн.теңгеге 73 өтінім ғана қабылдаған, оның 53-і мақұлданып, 4 пәтер берілген. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлердің іске қосылуын ұлғайту қажет. Облыс әкімінің орынбасарлары Л. Тұрлашов пен А.Байжановқа тұрғын үй салу үшін жеке инвесторлар тарту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, - деді облыс басшысы.

Оған қоса жиын барысында полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, медицина саласын цифрландыру, бюджеттік қызметкерлердің жалақысының өсуіне байланысты қажетті қаржыны 2019 жылдың бюджетінде қарастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен табиғи монополиялар қызметтері үшін тарифтердің белгіленуі мен жиналған қаржыны жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету, туризмді дамыту бойынша арнайы ұйым құру туралы ұсыныс енгізу, бір ай мерзімінде мемлекеттік аппаратта оңтайландыру жүргізіп, келесі жылдың басынан еңбекақы төлеудің жаңа моделін енгізу, облыс экономикасына инвесторлар тарту, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру мерзімінің 2025 жылға дейін ұзартылуына орай елді мекендердің перспективалық даму жоспарларын ескере отырып, қосымша инфрақұрылымдық жобалар тізбесін құру жүктелді. Сонымен қатар келесі жылдың Жастар жылы болып жариялануына және "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасының іске қосылуына байланысты да міндеттер айқындалды.     

- Жолдауды халық арасында түсіндіру өңірде құрылған ақпараттық насихат топтарының жұмысы болса, нақты іске асыру - жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Сондықтан облыста дайындалған жоспардың әр тармағы бойынша тиісті аймақтар мен салалар басшылары тыңғылықты жұмыс атқаруы тиіс және бұл үшін әр басшы дербес жауап береді, - деді А. Баталов.


Көріністер:  154

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 10.10.2018 17:11

Өзгертілген күні: 10.10.2018 18:04:34

Тізімге қайта оралу



Саймасай ауылындағы А. Байтұрсынов мектебі туралы
Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет 24-69-21 / 1424
Наверх