Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +20 oC
2019 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы ақпарат

2019 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы ақпарат

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ҚР Заңы және Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын орындауда 2019 жылдың І тоқсанында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде алғашқы тоқсанда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 596, орыс тілі курсына 14 және ағылшын тілі курсына 225 тіл үйренуші қабылданды. Барлығы 979 тыңдаушы.

Өткізілген іс шаралар туралы

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын дамыту әрі кеңейту мақсатында жыл басынан ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен бас мамандары, облыстық басқарма қызметшілері қатысқан «Тілдік ахуал: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» тақырыбындағы жиында өткен жылғы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, тиісті тапсырмалар берілді. Межелі индикатор көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер қойылып, болашақ жоспарлар төңірегінде сөз қозғалды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың  2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да қазақстандықтардың үш тілді жетік меңгеруіне бағытталған. Осы ретте                  Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясымен бірлесе ұйымдастырылған «Үш тілде білім беру тәжірибесі бағытындағы ісшаралардың нәтижесі» атты дөңгелек үстелді атап өткен жөн. Шараға қатысушылар үштілділіктің маңызына тоқталып, білім берудің барлық деңгейлерінде үш тілде сабақ оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу арқылы үштілділік бағытын дамыту төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру қолға алынғаннан бері облысымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын тиімді түрде үйлестіру тіл саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік үстемелеп отыр. Латын әліпбиіне көшу кезеңдерін жүзеге асыру шараларының көш басында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тұр. Осы ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы республикалық дәріс-семинар сөзімізге мысал бола алады.

Семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы,  ф.ғ.к. А.Фазылжанова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. А. Жаңабекова,  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. А. Аманбаева, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ж. Жұмабаева жүргізді.

Екі күнге созылған семинар-дәрістің қорытындысы бойынша 60 адамға тренерлік сертификат табысталды. Сертификат алғандардың тізімінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, аталған орталықтың аудандық, қалалық филиалдарының оқытушылары, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметшілері, «Азаматтарға арналған үкімет», Ұлттық банк, «Қазпошта» АҚ мекемелерінің филолог мамандары бар.

Дәл осындай дайындық курсын Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында да өткізуде. 72 сағаттық оқыту курсына өңірімізден баратын филолог мамандардың тізімі жасалып, алғашқылардың бірі болып І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Г. Чукенаева мен облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы А. Әлімбаева курсқа жіберілді.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру процесін білім мен ғылым дамуының бір бөлшегі ретінде қарастыратын болсақ, облысымызда  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің рөлі зор. Ақпан айында аталмыш іргелі оқу орнында латыннегізді ұлттық әліпби кабинеті ашылды. Кабинет латыннегізді ұлттық әліпбиді үйрету, жаңа емле ережелерін түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында жасақталған. Жаңа әліпбиді үйретуге қажетті бағдарламалармен жабдықталған кабинетте қазіргі қазақ тілі білімі салалары бойынша соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер де жинақталған.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Шараға Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысып, поэзияға шөліркеген қауымның мауқын басты.

Ономастикалық ахуал

Облыстық ономастика комиссиясының 2019 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан үстіміздегі жылғы ақпан айының 19 күні Ақсу, Көксу аудандарындағы ономастикалық ахуалдың жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Зерделеу барысында аудан әкімдігі жанынан құрылған ономастикалық жұмысшы топтың жоспарына сәйкес көше аншлагтарының ресімделуі және көрнекі ақпарат, жарнама тілінің Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңының және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың  2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Нәтижесінде, өңірдегі ономастикалық ахуалды жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстармен қатар, көше аншлагтарын біріздендіру, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға сәйкес ретке келтіру бойынша кемшіліктердің орын алғандығы анықталды.

Жоғарыда аталған мәселелердің негізінде 13 наурыз күні өткізілген комиссия отырысында Ақсу, Көксу аудандарындағы әлеуметтік салаға жауапты аудан әкімі орынбасарларының есебі тыңдалып, 2019 жылғы 15 мамырға дейін орын алған кемшіліктерді жою бойынша атқарылған іс шаралар жөнінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына ақпарат беру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, облыс орталығы Талдықорған қаласында орналасқан халыққа қызмет көрсету нысандарының атаулары мен сыртқы жарнамаларының сауатты жазылуын қадағалау, тіл тазалығын сақтау мақсатында қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, кезекті тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес түзету бойынша объекті (дүкен, кафе, шаштараз т.б.) иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді.

Осы бағыттағы жұмыстар ІІ тоқсанда да өз жалғасын табатын болады.

 


Орналастырылған күні: 25.04.2019 11:57

Өзгертілген күні: 25.04.2019 12:00:21

Құрметті кәсіпкерлер!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
TALAP.Опросы
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх