Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +18 oC
2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қорытынды есеп

2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қорытынды есеп

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңы және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2019 жылдың І жартыжылдығында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде І жартыжылдықта мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 596, орыс тілі курсына 14 және ағылшын тілі курсына 225 тіл үйренуші қабылданды. Барлығы 835 тыңдаушы. Олардың ішінде сертификат алғандардың саны 340, куәлік алғандар 441, 54 тыңдаушыға анықтама берілді.

Өткізілген іс шаралар туралы

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын дамыту әрі кеңейту мақсатында жыл басынан ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен бас мамандары, облыстық басқарма қызметшілері қатысқан «Тілдік ахуал: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» тақырыбындағы жиында өткен жылғы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, тиісті тапсырмалар берілді. Межелі индикатор көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер қойылып, болашақ жоспарлар төңірегінде сөз қозғалды.

Мемлекеттік тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға деген халықтың көзқарасын анықтау үшін сәуір айында облыс тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 2018 респондент қатысты. Бағдарламаның нысаналы индикаторына сәйкес мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі – 85,5%, орыс тілін меңгергендер – 80,3%, үш тілді меңгергендер 14,7% құрады.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да қазақстандықтардың үш тілді жетік меңгеруіне бағытталған. Осы ретте Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясымен бірлесе ұйымдастырылған «Үш тілде білім беру тәжірибесі бағытындағы ісшаралардың нәтижесі» атты дөңгелек үстелді атап өткен жөн. Шараға қатысушылар үштілділіктің маңызына тоқталып, білім берудің барлық деңгейлерінде үш тілде сабақ оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу арқылы үштілділік бағытын дамыту төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Бағдарламаға сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері – 2019» байқауы өткізілді. «Тұсаукесер», «Ұлттаным», «Өнертаным» атты үш кезең бойынша сынға түскен жарыста ұшқырлығы мен білімділігі оқ бойы озық шыққан талғарлық Э. Ерниязова бас жүлдеге ие болды.

Ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және латын графикасына негізделген қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасу мақсатында «Үздік оқытушы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушыларға Басқарманың Алғыс хаты табыс етілді.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру қолға алынғаннан бері облысымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын тиімді түрде үйлестіру тіл саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік үстемелеп отыр. Латын әліпбиіне көшу кезеңдерін жүзеге асыру шараларының көш басында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тұр. Осы ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы республикалық дәріс-семинар сөзімізге мысал бола алады.

Семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы,  ф.ғ.к. А.Фазылжанова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. А. Жаңабекова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. А. Аманбаева, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ж. Жұмабаева жүргізді.

Екі күнге созылған семинар-дәрістің қорытындысы бойынша 60 адамға тренерлік сертификат табысталды. Сертификат алғандардың тізімінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, аталған орталықтың аудандық, қалалық филиалдарының оқытушылары, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметшілері, «Азаматтарға арналған үкімет», Ұлттық банк, «Қазпошта» АҚ мекемелерінің филолог мамандары бар.

Дәл осындай дайындық курсын Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында да өткізуде. 72 сағаттық оқыту курсына өңірімізден баратын филолог мамандардың тізімі жасалып, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары курстан өтуде.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру процесін білім мен ғылым дамуының бір бөлшегі ретінде қарастыратын болсақ, облысымызда  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің рөлі зор. Ақпан айында аталмыш іргелі оқу орнында латыннегізді ұлттық әліпби кабинеті ашылды. Кабинет латыннегізді ұлттық әліпбиді үйрету, жаңа емле ережелерін түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында жасақталған. Жаңа әліпбиді үйретуге қажетті бағдарламалармен жабдықталған кабинетте қазіргі қазақ тілі білімі салалары бойынша соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер де жинақталған.

Сонымен қатар, қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшірудің маңыздылығы мен  өміршеңдігін дәріптеудегі өзіндік орны бар басылым республикалық «Егемен Қазақстан» газеті. Ғасыр төрінен орын алған газеттің  жүз жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен Б. Мәжит жеңімпаз деп танылды.

Латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру бойынша облыстық әділет департаменті, сот сараптама орталығы, статистика департаменті, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, обаға қарсы күрес станциясы, облыстық онкологиялық диспансері, қазпошта, калалық білім бөлімінің білім беру ұйымы, халыққа қызмет көрсету орталығы, әскери бөлім қызметкерлері сынды түрлі мамандық иелерімен «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында семинар, сонымен қатар, агро-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен «Латын графикасының емле ерекшеліктері» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Қос бірдей семинарға жиналғандарға жаңа әліпби реформасының маңыздылығын түсіндіріп, жаңа ереже бойынша тың мағлұматтар берілді.

Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережесін көпшілікке таныстыруда жаңа технологиялардың маңызы зор. Сондықтан, «Емле ережелерінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары» атты облыстық конференцияда республикалық Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы Н. Сейсенбек орталықтың латын әліпбиін меңгерту мақсатында әзірлеген бірнеше IT жобаларымен таныстырды.

Бағдарламалық мақаланың екі жылдығына орайластырыла өткізілген тағы бір ауқымды шара жас тілші-әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты  ІІ облыстық форумы. Дәстүрлі шараға өңіріміздің аудан, қалаларынан жас қаламгерлер мен тілшілер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Биылғы жылы Кеген ауданында өткен
жиынның ерекшелігі форум делегаттарының латыннегізді әліпбиге қатысты оқыған баяндамалары мен білдірген пікірлері. Осы ретте Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Чинарбаеваның мектеп оқушыларына арнап, жаңа әліпбиді меңгертудің тиімді жолы ретінде өзі құрастырып шығарған «Латын әліпбиін үйренейік!» атты көркем жазу үлгісі дәптерін көпшіліктің назарына ұсынғандығын мысалға алуға болады.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Шараға Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысып, поэзияға шөліркеген қауымның мауқын басты.

Ал Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орайластырылып рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 14-17 жас аралығындағы  20 өрен бақ сынасқан «Мақал – сөздің мәйегі» байқауында қарасайлық                             Қ. Сламбай Бас жүлдені иеленді.

Облысымызда тұңғыш рет 6-11 сынып оқушылары арасында қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі – «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жатқа айтудан өткен байқауға 51 үміткер қатысты. Олардың ішінен Іле ауданынан келген Е. Төлегенов Бас жүлдені қанжығасына байлады.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту негізінде БАҚ атқарар өзіндік рөлі бар. Журналистер күні қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы шығарылды. «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша Байқаудың Бас жүлдесіне ие болғандар: облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идигов, облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі Қ. Қасымжан және облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Е. Кенебаева. 

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының республикалық турына жолдама алған облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идиговтың мақаласы 240 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Жеңімпазға Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың қолынан марапат алу мәртебесі бұйырды.

Сондай-ақ, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан қос бірдей жоба жүзеге асуда. Олардың бірі облыс орталығы мен аудан, қалаларда жүзеге асып жатқан «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты Буккроссинг жобасы.

Ал әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған екінші жоба «Жетісудың жыр керуені» деп аталады. Жоба аясында танымал тұлғалар мен жас әдебиетшілер Алматы облысында дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшаларына салуда.

Айта кету керек, тілдерді ересек аудиторяларға жан-жақты меңгерту мақсатында Басқарманың сайтында дүйсенбі-жұмаға күндері аралығында онлайн өткізілуде. Сабақты облыстық аралығында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары жүргізеді. Қазақ тілін, ағылшын тілін немесе латыннегізді жаңа әліпби мен жаңа жазудың емле ережелерін үйренгісі келетіндер үшін, тікелей эфирде өтетін барлық сабақтар басқарманың ресми сайтында сақталуда.

Ономастикалық ахуал

Облыстық ономастика комиссиясының 2019 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан үстіміздегі жылғы ақпан айының 19 күні Ақсу, Көксу аудандарындағы ономастикалық ахуалдың жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Зерделеу барысында аудан әкімдігі жанынан құрылған ономастикалық жұмысшы топтың жоспарына сәйкес көше аншлагтарының ресімделуі және көрнекі ақпарат, жарнама тілінің Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңының және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың                                        2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Нәтижесінде, өңірдегі ономастикалық ахуалды жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстармен қатар, көше аншлагтарын біріздендіру, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға сәйкес ретке келтіру бойынша кемшіліктердің орын алғандығы анықталды. Қазіргі таңда анықталған кемшіліктерді жою бойынша аудан әкімдіктері тарапынан жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, ономастика комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында Кеген, Райымбек аудандарындағы ономастикалық жұмыстарға байланысты атқарылған іс-шаралар туралы аудан әкімі орынбасарларының есебін тыңдау мәселелері қарастырылған. Осыған орай, маусым айының 19-21 күндері Кеген, Райымбек аудандарында ономастикалық ахуалдың жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні ономастика комиссиясының қарауына 8 әкімшілік-аумақтық бірлікке, 520 елді мекеннің құрамдас бөлігіне, 9 мемлекет меншігіндегі объектіге атау беру және оларды қайта атау туралы ұсыныстар түсіп отыр. Аталған ұсыныстар жоғарғы атқарушы органдар тарапынан келіп түскен тапсырмалар аясында қаралып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданатын болады.

Халыққа қызмет көрсету нысандарының атаулары мен сыртқы жарнамаларының сауатты жазылуын қадағалау мақсатында Талдықорған қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, облыс орталығында кезекті зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес түзету бойынша объекті (дүкен, кафе, шаштараз т.б.) иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында халыққа қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресімделуін қадағалау бойынша облыс көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы жарияланды. Үстіміздегі жылғы 18 маусым күні бастау алған аталмыш акция жұмысы әр аудан, қалада тамыз айына дейін жүргізілетін болады. Шараның өту барысы туралы жергілікті жерлердегі БАҚ құраладарында, әлеуметтік желілерде хабарландырулар мен ақпараттар берілді.


Орналастырылған күні: 16.08.2019 10:45

Өзгертілген күні: 16.08.2019 10:48:17

Құрметті кәсіпкерлер!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
TALAP.Опросы
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх