Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +21 oC

2018 жылдың 9 айы бойынша қорытынды ақпарат

Алматы облысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (Бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2018 жылдың 9 айында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды көрсетті.

Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына – 1327 тіл үйренуші, орыс тілі курсына – 46, ағылшын тілі курсына – 401 тыңдаушы қабылданды. Барлығы – 1774 адам. Ал, Қазтест жүйесі негізінде тест тапсырғандардың саны 9382, диагностикалық және сертификаттық тестен өткендер саны 10777 адамды құрады.

Сонымен қатар Бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жұртшылыққа насихаттау мақсатында көптеген шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. Ал «Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздің аудан, қалаларынан келген оқытушылар өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазақтың бас ақыны – Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары»,  «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер мен мектеп оқушылары арасында «Мақал – сөздің мәйегі» сайыстары және Тіл айлығының қарсаңында басқарма тарапынан этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Славян жазуы», «Тіл – парасат» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

«Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» атты жиынжа тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланды.

Биылғы жылы еліміз Қазақстан халқы тілдерінің күнін 5 қыркүйекте атап өтті. Мерекеге орай «Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форум өткізілді.

Мемлекеттік тілді дамытуға арналған шаралар мұнымен шектелмеді. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары тыңдаушылармен өткізілетін сабақ үрдісінде оң нәтижеге жету үшін заманауи техника құралдарын үздіксіз пайдалануда. Әрбір өткізілген сабақты сала мамандары «Til.media.kz» сайтына жүктеп, тіл үйренуге ынта танытқан әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынды. Бұл мүмкіндік оқытушылар арасында өзара тәжірибе алмасуға да негіз болды.

Мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі – әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіру. Бірінші кезекте идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру жұмыстары қолға алынып, оларға атау беруде «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары», «Дәстүрлі атаулар» бойынша жасалған тізім басшылыққа алынуда.

2018 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес облыстық ономастика комиссиясының 3 отырысы өткізілді. Өткен комииссия отырыстарында Балқаш, Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласы әкімі орынбасарларының ономастика саласында орын алып отырған кемшіліктер бойынша есептері тыңдалып, 2 ауылдық округке, 11 елді мекенге, 905 көшеге, 20 мемлекет меншігіндегі объектілерге атау беру және оларды қайта атау бойынша барлығы 937 ұсыныс қаралды. Нәтижесінде, Петропавловка, Садовое, Соколовка т.б. сияқты 12 әкімшілік-аумақтық бірліктің  атауы өзгертілді, 838 көшенің (519 идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар, 125 нөмірленген көше, 154 жаңа көше) атауын өзгерту бойынша оң қорытынды берілді.

15 білім және мәдениет мекемелерінің құжаттарын Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолдау туралы ұйғарым қабылданды. Оның ішінде бүгінгі таңда төмендегі 4 нысанға РОК-тың қорытындысы алынып, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы әзірленуде.

Ал қалған 11 білім және мәдениет мекемелеріне атау беру, қайта атау туралы ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізіліп отыр.

Ономастикалық атауларды жүйелендіру, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ретке келтіру бойынша жұмыстар әлі де жүйелілікті талап етеді. Аудан, қалалардағы атауларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде қазіргі таңда облыс аумағындағы 17 аудан, 3 қаланың  100%, 256 ауылдық (кенттік) округтің 97,2%, 741 елді мекеннің 96,8%, 10548 көшенің 89,1% мемлекеттік тілде аталады. Сонымен қатар 7 ауылдық округтің (Заречное, Казцик, Энергетический, Чапаев, Междуреченск, Рудник, Черкасск), 24 елді мекеннің. 703 көшенің атауы, жалпы алғанда 6 % өзгертуді қажет ететіні анықталды.

Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесінде азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту мақсатында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты семинар-кеңес болып өтті. Жиынға А. Байтұрсынұлы атындағы институттың ғалымдары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен салаға жауапты мамандары қатысты. Басқосуда облысымыздың ономастикалық ахуалы кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар қазан-қараша айларында тарихи сананы қалыптастыру, елді мекендердің байырғы, тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру, ономастика мәселелерін талқылау және жетілдіру мақсатында сәулет және қалақұрылысы, әділет департаменті мамандарының қатысуымен жергілікті өкілді және атқарушы органдарының сала мамандарына арналған «Нысандарға атау беру - жауапты іс» атты 5 көшпелі семинар-кеңес өткізу жоспарланып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда «Буккроссинг» – еркін кітап алмасу мен «Жетісудың жыр керуені» атты челлендж жобасы қолға алынды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысып жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Е. Жүніс пен Талдықорған қаласы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын №20 арнаулы лицей» директорының көптілділік жөніндегі орынбасары, облыстық «Жыл мұғалімі-2017» байқауының жеңімпазы А. Мұхаметчина басқарма тарапынан «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында жастардың әдеби ортасын қалыптастыру мақсатында а.ж. 23-24 сәуір аралығында тұңғыш рет «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің                           I форумы өтті. Әдеби шара аясында «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, үздік шығарма авторларына  «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухан жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басым бағыттарының бірі – қазақ жазуын латын графикасындағы әліпбиге көшіру мәселесі. Басқарма бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, түрлі шаралар өткізуде.

Атап айтқанда: «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» мен Талдықорған қалалық Медициналық колледжінде «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес, «Жаңа жазу – жаңа белес» атты дөңгелек үстел, Арман қала – Астана» атты латын графикасына негізделген жаңа қазақ графикасында эссе жазу байқауы, «Қазақстандағы жазу тарихы және латын графикасын қабылдаудың ғылыми практикалық негіздері» атты конференция, «Латын әліпбиі: ізденіс, даярлық» атты семинар-тренинг ұйымдастырып, көпшілікке латын графикасындағы әліпбидің тиімді тұстары түсіндіріліп, емле ережесінің жобасы таныстырылуда.

Биылғы жыл Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен ерекшеленіп отыр. Осы тарихи оқиғаға байланысты бірнеше ауқымды шаралар қолға алынды. Мәселен, «Астана – жаһандық бастамалар орталығы» дөңгелек үстелінде өңіріміздің зиялы қауымы бас қосып Елордамыздың бүгіні мен ертеңі турасында ой өрбітті. «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында өткен мүшәйраға жас ақындар қатысты. Политехникалық колледжде өткен «Әлем таныған Астана» тақырыбындағы семинарда облысымыздың зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту мақсатына арналған жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады.


Орналастырылған күні: 23.10.2018 14:59

Өзгертілген күні: 23.10.2018 15:13:13

Құрметті кәсіпкерлер!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
TALAP.Опросы
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх