Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Мобильді нұсқа
Талдықорған +23 oC
Амандық Баталов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді

Амандық Баталов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді

Амандық Баталов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді

Бүгін Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында кеңес мүшелерінің алдында облыс әкімі Амандық Баталов есеп берді.

Өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндамасында облыс әкімі А.Баталов негізгі салалардағы көрсеткіштерге тоқталды. Мәселен, 2019 жылы өндірісте 6,4% өсіммен 949 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Биылғы облыс бюджеті 586 млрд.теңге құрады, соның 343 млрд. теңгесі, яғни 58%-і әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Жалпы құны 4,9 трлн. теңге болатын, 40 мың жұмыс орнын құратын 422 жобаны қамтитын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Олардың арасында инвестициялық көлемі 94,5 млрд.теңге болатын «Жетысу вольфрамы» кен өңдейтін зауыт, құны 40 млрд. теңгелік «Прима-кұс» құс фабрикасы, құны 47 млрд. теңге болатын «Алацем» цемент зауыты және басқалары бар. Осы шаралардың барлығы 2025 жылға қарай еңбек өнімділігін екі есеге, инвестиция көлемін – 1,6 есе, шикізаттық емес экспортты 1,8 есе көбейтуге мүмкіндік береді.

Сол сияқты облыс басшысы аграрлық саладағы жетістіктерді де атап өтті. «Жыл сайын қант қызылшасы алқабын ұлғайта отырып 14 мың гектарға, ал қант өндіруді 51 мың тоннаға жеткіздік. Біз қажетті техникалары бар сервистік-дайындау орталықтарын құрдық, жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз етіп келеміз, алайда өнімділік 380-390 центнерден аспайды. Сондықтан, ауыспалы егісті түбегейлі өзгертіп, гектарынан кемінде 400-450 центнер өнім алуды қамтамасыз ету міндетін қоямын», - деді А. Баталов. Сонымен қатар бақ өсіру, картоп шаруашылығын жолға қою, суармалы жерлерді айналымға енгізу, мал шаруашылығын өркендету бағыттары жайлы баяндады.

- Мен осы жиынның алдында америкалық «Tyson Foods» компаниясының өкілдерімен кездестім. Облыстың инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндап, ірі ет өңдеу комибинатын біздің өңірге салу туралы кеңінен әңгімелестік. Осы жоба іске асырылса 190 млрд. теңге инвестиция тартылатын  болады. Кешеннің қуаты жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдеуге жетеді. Оны қамтамасыз ету үшін ірі қара малдың және мал бордақылау алаңдарының саны жеткілікті болуы керек, - деп атап өтті А. Баталов.

Осы жиында облыс басшысы мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылыстары, соның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамту шараларын да баса айтты. Бұл ретте меценаттар да зор қолдау көрсетіп отырғанын ризашылықпен жеткізді. Мәселен, күні кеше ғана Қапшағай қаласында бизнесмендер 30 отбасыға, соның ішінде мүгедектерге, көп балалы отбасы мен жетім балаларға жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешенінен 30 пәтер сатып алып берген. Өткен жылы демеушілердің қаражатынан жалпы саны 200-ге жуық көп балалы отбасы үйлі болды. 2020 жылы барлық бағыттар бойынша жалпы 3600 отбасын, соның ішінде 2400 аз қамтылған және көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамту көзделген. Бұдан әрі жыл сайын 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Амандық Баталов өз баяндамасында газдандыру, ауыз сумен қамту, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды да ұмыт қалдырған жоқ. «Республикалық бюджеттен өңірге 35 жедел жәрдем көлігі алып беріледі. Мен Жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеделдету мен жақсарту үшін оған қоса тағы 35 көлікті жергілікті бюджет есебінен алып береміз деп шештім», - деді облыс басшысы.

Осы орайда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының елді мекендерді көркейтудегі үлесін атап өтті. 2020 жылы бағдарлама аясындағы жұмыстармен 14,4 млрд. теңгеге 21 ауыл қамтылатын болады.

Талдықорған қаласын дамыту жоспарларына, туризм, жастар саясаты, қоғамдық тәртіпті сақтау салаларындағы істерге де тоқталды. Сөзінің соңында:

- Елбасының, Президентіміздің алға қойған міндеттерін орындауда біз барлық салалар бойынша жақсы көрсетіштерге жеттік. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – бұдан былай да басым бағыттарымыз болып қала бермек, - деді А. Баталов.

Мұнан соң кеңес мүшелері түрлі тақырыпта сауалдарын қойды. Сұрақтар негізінен Талдықорған қаласының көшелерін жөндеу, электр энергиясының тарифі, газ тарту жұмыстарының құны, Талдықорғандағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесі көп екендігі, аулаларды жөндеу, дәрігер жетіспеушілігін болдырмау шаралары, мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы, жол қауіпсіздігі мәселесі, онкологиялық аурудың алдын алу мен емдеу шаралары тақырыптарын қамтыды.

Жауап беру барысында белгілі болғанындай, Талдықорған қаласында салу жоспарланып отырған оңалту орталығының қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтайтын Жағдаяттық орталық жұмысы бүгінгі күні өз тиімділігін көрсетіп отыр. Дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шеші үшін С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен келісім жасалғаны, келген жас мамандарға әлеуметтік жеңілдіктер жасалатыны, медицина мамандарына арнап Талдықорған қаласында арнайы тұрғын үй салу жоспарда бар екені айтылды. Сол сияқты облыс әкімі Талдықорған қаласы әкімдігіне жаңа шағын аудандарындағы көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан халыққа қызмет көрсету орталығын салу туралы ұсыныс енгізуді тапсырды. Облыс әкімі өзіне қойылған барлық сұрақтарға тыңғылықты жауап берді.

Отырыс барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов те хабарлама жасап, атқарған жұмыстарынан хабардар етті.

Жиын соңында облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының баяндамалары назарға алынып, әкім жұмысына оң баға берілді және қаралған мәселелер бойынша қарар қабылданды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Көріністер:  383

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:
«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz.

Орналастырылған күні: 14.02.2020 17:23

Өзгертілген күні: 14.02.2020 17:48:22

Тізімге қайта оралу


Кезек реті туралы ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет
TALAP.Опросы
Мемлекеттік бағдарламалар
Наверх